Русский Сайттың толық нұсқасы

Астана мен Мәскеу әлемдік қауымдастықты терроризмге қарсы бірлесе отырып күресуге шақырды

  • AstanaTV
  • 06 қазан 2016
  • 3680

Астана мен Мәскеу әлемдік қауымдастықты терроризмге қарсы бірлесе отырып күресуге шақырды. Бұл тақырып Ресей астанасында білікті мамандар мен теологтардың қатысуымен өткен халықаралық конференцияда көтерілді. «Мәскеулік саммит» екі мемлекет басшылары Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путиннің бастамасымен ұйымдастырылған. Айта кетейік, БҰҰ Бас ассамблеясында Елбасы терроризмге қарсы жаһандық одақ құру идеясын көтерген болатын. Сарапшылар мұндай қадамның маңыздылығын айрықша атады.

Владимир Филиппов, Ресей халықтар достығы университетінің ректоры:

«Біз әртүрлі болсақ та, құқығымыз бір!» Бұл тақырыпқа сай, жақсы ойлап табылған ұран. Өзгелерден өзін биік санайтын ұлт болмауы тиіс. Сол сияқты, дінде де теңдік болуы керек. 

Терроризммен күресте идеологиялық жұмыстардың да маңызы зор. 21 ғасырдың басты проблемасына айналған бұл кеселге төтеп бере алатын мықты рухани бағыт керек. Қазақстан басшысының жиын қатысушыларына арнаған құттықтау сөзін оқыған Президент Әкімшілігі жетекшісінің орынбасары Бағлан Майлыбаев осылай деді.

Бағлан Майлыбаев, ҚР Президенті әкімшілігі жетекшісінің орынбасары:

Сан миллиондаған босқындардың бас сауғалап кетуі, тарихи ескерткіштердің бұзылуы күнделікті көріп жүрген үйреншікті жәйтке айналғаны өкінішті. Террористік әрекеттер көбіне дін атын жамыла отырып жасалады. Зұлымдықпен күресу - әлемдік қауымдастыққа ортақ міндет. Өкінішке орай, бұл мәселені нақты әрі тұтастай қамтитын шешім жоқ. Сондықтан біріге отырып байыпты қадамға барғанымыз жөн.

Арнайы қызметтердің мәліметі бойынша, ТМД елдерінен Сирияға барып соғысқа қатысып жатқандардың саны 1500-ға жуық. Олар өздеріне ешбір қатысы жоқ мағынасыз майданда оққа ұшып мерт болуда. Қазақстан мен Ресей елшіліктері ұйымдастырған «Дін терроризмге қарсы» атты халықаралық конференция осындай келеңсіз жәйттердің алдын алуды көздейді. Болашақты бұл форум дәстүрлі түрде өтетін форматқа ауысуы мүмкін. Себебі лаңкестік қаупі өршіп тұрған шақта ақыл-кеңес алмасып, пікір бөлісетін алаңның артық болмасы анық.