Эфирді армандап барып, ит пен мысықтың суретін салып, ойнап қайтқан. Астанада бір топ ата-ана жеке киностудияға алдандық деп дау шығарды. 6-16 жас аралығындағы баласын алты айлық ақылы үйірмеге бергендер енді ақшаcын қайтарғысы келеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Өйткені Big Frame деп аталатын медиамектеп ұл-қызымыздың "актерлік шеберлігін шыңдап, жұлдыз болудың қыр-сырын үйретеміз" деген шартын орындамады деп отыр.
Балалар алты ай бойы актерлік шеберлікті шыңдап, шешендік өнерді меңгеруге тиіс болған. Алайда 100 мың теңге тұратын ақылы үйірме екі ай ішінде аяқталыпты. Алайда балалар кино мен жарнама роликтерге және "Бүлдір-күлдір" деген бағдарламаға түспеген.
"Балаларды бір жерге кіргізіп ойнатады да, ары қарай шығарып жібереді. Біз осы жерде күтіп отырамыз. Көк тер боп шығады балаларымыз. "Ішке кіргізуге рұқсат жоқ" дейді. Бірақ арасында өзіміз шу көтеріп кіріп, видеоға түсірдік. Балалар осылай отырады. Әр апта сайын үй тапсырмасы, "қыздар мысық боп келіңдер, ұлдар күшік боп келіңдер" дейді. Сонымен менің алты жасар балам "Мама, біз қашанғы мысық пен күшік боламыз? Қашан мен ТВ-ға түсемін?" деді. Енді түсірілім күтіп, ғажайып күтіп әлі отырмыз", - дейді Эльвира Ғалым.
Балаңызды әртіс қыламыз, тележобаға қатыстырып, киноға түсіреміз, былайша айтқанда, ұл-қыздарыңыз экраннан түспейді" деп, өзін медиа маманымыз деп таныстырған адамдар жуырда жалға алған орындарын босатыпты.
Ата-аналардың айтуынша, киностудия бастапқыда сабақтар, ал кейінгі төрт айда оқушылардың қатысуымен түсірілімдер болады деп уәде еткен. Алайда медиамектеп қызметкерлері бірді-екілі баламен шектелген. Оның өзінде де ол видео ешқайда жарияланбаған әрі ата-анасына да көрсетілмепті.
Жазира Бисенбаева да ұлдарын жетектеп, балалардың жұлдызы жарқырасын деп, 200 мың теңгесін жұмсаған.
"Екеуі екі түрлі уақытта келеді, біреуі 11-де, екіншісі сағат 1-де келеді. Баламыз келіп, ойнап-ойнап секіріп кетеді. Ешқандай нәтиже жоқ. Фото да, ролик та жоқ. "Тағы шақырамыз" дейді. Бірақ дым жоқ. Бес ай болды, жоқ", - дейді Жазира Бисенбаева.
Бір қызығы, төлем бір жерге емес, әртүрлі адамдарға жіберіліп тұрыпты. Оны ата-аналар енді көріп аң-таң. Астанада осылай "алдандық" деген 40-тан аса ата-ана бар. Ал киностудиядағылар өзіне шаң жуытқан жоқ.
"Барлық ата-анаға ұнап, түсірілімге қатысқан. Бар ата-ананың "сторисі" бар ол жерде. Мен өзім Астанада тұрмын. Маған ешқандай ата-ана ақшамды қайтып алайын деген жоқ. Жалға алған ғимаратты төлеу керек, жұмыс тоқтатылды. Сотқа береміз дейді. Білмеймін, ол кісілерге соттасқан ұнайтын шығар. Мен түсінбедім. Барлық бала кестемен түскен, мен сізге мынанша бала түскен деп айта алмаймын", - дейді киностудия өкілі телефон арқылы.