Русский Сайттың толық нұсқасы

Жалғызбасты ана «Нұр Отан» партиясының қолдауымен үйлі болды

  • AstanaTV
  • 06 қазан 2016
  • 2332

Ақтөбе облысы Алға ауданында немересімен бірге баспанадан қиындық көріп келген жалғысбасты ана "Нұр Отан" партиясының қолдауымен үйлі болды. Тамыз айында партияның жергілікті бөлімшесінде қоғамдық қабылдауда болған Антонина Плечкова жағдайын айтқан еді. 9 жыл әркімнің есігінде жәутеңдеп жүрген ол 3 айында жетім қалған немересі Максимді балалар үйіне алып қоя ма деген үреймен күн кешеді. Басында баспанасы болмағандықтан, сәбиге заңды түрде қамқоршы да бола алмайтынын жеткізді. "Нұр Отан" партиясы аудандық филиалының өкілдері мұнан соң бірден демеуші іздеген. Араға көп уақыт салмай жергілікті кәсіпкердің қолдауымен баспана табылды. Қазір Антонина Плечкованың көңілі жайланған.

Антонина Плечкова, Алға қаласы тұрғыны:

Бұлай тез арада мәселем шешіледі деп ойламаған едім. Жоқ дегенде 1-2 жыл күтетін шығармын деген ой болды. Көп-көп рахмет. Қуанышымызда шек жоқ.

Амангелді Сейдалиев, «Нұр Отан» партиясы Ақтөбе облысы Алға аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:

Максимның оқып жатқан мектеп ұжымы бірталай жөндеу жұмыстарын жүргізді. Ендігі кезек әжесін жұмысқа кіргізіп, балаға әрі қарай көмек, өзін бақылауда ұстауға жоспарланып отыр.

Антонина Плечкова тұрғын үй кезегіне тұр. Бірақ жақын арада ол кезектің келуі неғайбыл дейді. Алға қаласында 3 мыңға жуық адам пәтер алуға үмітті. Қамқорлық көрсеткен қайырымды азамат аты-жөнін айтпауды өтінген. Сондықтан әжей алғысын БАҚ арқылы білдірді.

Айта кетейік, "Нұр Отан" партиясының Алға ауданындағы қоғамдық қабылдауына жыл басынан бері 83 адам түрлі мәселе бойынша көмек сұрап келген. Оның 36-сы оң шешімін тапты. 

Мансұр ЕСҚОЖИН