Русский Сайттың толық нұсқасы

"Биыл мемлекеттік рәміздерді қорлаған адамдарды жазалау шаралары күшейтілді", - Президент

Президент Астанадағы «Атамекен» этно-мемориал кешенінде өткен Мемлекеттік ту көтеру рәсіміне қатысты. Онда Алдымен Құрмет қарауылы ротасының бастығы рәсімге дайындық жөнінде рапорт берді. Содан кейін Мемлекеттік әнұран шырқалып, Көк байрағымыз көтерілді. Қасым-Жомарт Тоқаев халықты мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтады.

Бекболат САТУОВ, ТІЛШІ:

Мемлекеттік рәміздер – егемендік пен елдіктің ең басты белгісі. Көк байрағымыз, Елтаңбамыз және Әнұранымыз – күллі халқымызға қастерлі нышандар. Біз үшін Тәуелсіздік – ең қымбат құндылық болса, ал туымыздың асқақ желбірегені – аса биік мәртебе деді,-президент. Қасым-Жомарт Тоқаев қастерлі нышандарымызды құрметтеу әрбір азаматтың перзенттік парызы екеніне назар аударып, бүгінгі салтанатты рәсімнің тағылымдық мән-маңызына тоқталды.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біз асыл құндылықтарымызды аяқ асты етуге жол бермейміз. Биыл мемлекеттік рәміздерді қорлаған адамдарды жазалау шаралары күшейтілді. Түсіндіру жұмыстарына ерекше көңіл бөлініп жатыр. Отаншылдық мемлекеттік рәміздерді қастерлеуден басталады. Біз ұлттық нышандарымызды ұлықтау арқылы өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге көрсетеміз.

Сондай-ақ, Президент мемлекеттік рәміздер тарихымызды, өзіндік болмысымызды және халқымыздың жарқын болашаққа ұмтылысын айғақтайтынын атап өтті.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Мемлекеттік рәміздерде бүкіл Қазақстан халқын біріктіретін, жалпыұлттық бірегейлігімізді нығайтатын құдыретті күш бар. Айтулы мерекелер мен әлемдік дүбірлі спорт сайыстарында жеңіске жеткен кезде жүрегімізде Отанға деген сүйіспеншілік оты лаулап, елімізге деген мақтаныш сезімі пайда болады

Салтанатты шара барысында жоғары әскери оқу орындарының 12 үздік түлегі Қазақстан Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысының қолынан офицерлік шен алды.

Шара соңында Мемлекеттік күзет қызметінің, Қорғаныс және Ішкі істер министрліктерінің Құрмет қарауылы роталары Президент пен жиналған қауым алдынан салтанатты маршпен жүріп өтті.