Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылжарда соңғы бір ғасырда болмаған аптап ыстық орнады

Қарағандыда демалыс күндері екі адам суға кетіп қайтыс болды. Күн ысығалы рұқсат етілмеген жерлерде шомылатындар көбейген. Ал Солтүстік Қазақстанда өрт көбейген. Оңтүстікте күн тіпті төбені тесіп жіберетіндей ыстық. Ауа райын болжаушылар аптап ыстық әлі де сақталатынын айтуда. Тақырыпты өңірдегі әріптесіміз тарқатады.

Айжан ҚУАШ, ТІЛШІ:

Демалыс күндері Қарағанды облысында 2 адам суға кетті. Оның бірі 14 жастағы қыз бала, екіншісі 26 жастағы жігіт. Екеуі де суға батып кеткендіктен құтқарушылар олардың өлі денелерін ғана тапты.

Алғашқы оқиға Нұра ауданы Егіндікөл ауылында болды. Оқушы қыз сыныбымен демалыс кезінде суға шомыламын деп батып кеткен. Ал 26 жастағы жігіт Бұқар жырау ауданында достарымен бірге өзенге түсіп, шықпай қалған. Құтқарушылар марқұмдардың екеуін де Нұра өзенінен іздеп, әрең тапты.

Елжан ТАКИРОВ, ОБЛЫСТЫҚ ТЖ ДЕПАРТАМЕНТІ ҚОРҒАНЫС БАСҚАРМАСЫНЫҢ ОФИЦЕРІ:

Барлық өлім- жітім шомылуға жабдықталмаған жерлерде орын алған. Және есте сақтаңыздар, судағы апаттан қорғанудың ең сенімді жолы суда шомылу ережелері мен қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау болып табылады.

Мамандардың айтуынша рұқсат етілмеген жерлерде шомылатындар соңғы бірнеше күнде күрт көбейді. Қаладағы суқоймалар мен субұрқақтарда бала-шаға көп. Ол әрине күннің күрт ысуына байланысты. Аймақта ауа температурасы қазір 32-35 градусқа жетті. Бұл ауа райы осы апта бойы сақталады,- деп болжанып отыр.

Айжан ҚУАШ, ТІЛШІ:

Қарағанды облысының аумағында 316 су көзі бар. Оның тек 76-сында ғана шомылуға рұқсат етіледі. Төтенше жағдай қызметі тұрғындарды осы арнайы белгіленген өзен- суларда ғана шомылуға кеңес береді.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Шымкентте де күн қатты ысып кетті. Аптап ыстыққа шыдай алмаған менің өзім қолаң шашымды жинап алуыма тура келді. Жеңі ұзын жейде киіп, күннен барынша қорғануға тырысып бағудамын.

Жаздың басталғаны сол-ақ екен мегаполис тұрғындары салқын сая іздеп жүр. Көпшілік биылғы қыстың қатты болғанын да ұмытқан жоқ . Бірақ шілде шықпай мынадай ыстыққа шыдау мүмкін болмай тұрғанын жарыса жеткізді. Бастан бас киім тастамай, кейбірі көшеге қолшатыр ұстап шығатын болған. Кейбірі қажеттілік болмаса үйден шықпауға тырысып жүрміз десті. Десе де, күннің күрт ысығанына қуанғандар да жоқ емес.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- 37-40 грдусқа дейін барып жатыр енді. Өйткені кеше қарағанымда +36 градус еді. Қазір енді өзіме жағып жатыр. Буындарым ауыратын еді, ыстыққа кейбір кезде өзім сағат 11-12ге дейін жүрем күннің астында.

- Меніңше көшеге шықпаймыз –ау бұдан кейін, күн жаман ыстық. Тек түнде жүреміз по моему.

- Су ішпей жүру мүмкін емес. Жаз енді басталды. Алда қалай боларын кім білсін...

- Күн ыстық. Енді давлениесі барларға қиын. Онсыз да ауа қысым боп тұр ғой бүгін...

Шымкентте бүгінгі ауа температурасы +36 градус. Синоптиктер алдағы күндері қалада 39 градусқа дейін ыстық күтілетінін жеткізді.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Ауа райын болжаушылар температура алдағы күндері көтеріле беретінін айтып, ескерту жасауда. Қазгидромет мамандарының мәліметінше, Түркістан облысында да осы аптада ауа температурасы 40 градусқа дейін көтеріледі. Әзірге жақын күндері жауын-шашын күтілмейді.

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:

Қызылжарда да күн күйіп тұр. Тіпті рекордтық көрсеткішке жетті. Соңғы бір аптада сынап бағанасы 30 градустан кем түспеген. Ал демалыс күндері ол шарықтау шегіне жетті. 39 градусты көрсетті. Синоптиктер маусым айында мұндай табиғи құбылысты алғаш көріп отырғандарын айтады.

Наталия ЛЕВИНА, “КАЗГИДРОМЕТ” РМК СҚОФ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Қазақстанға бұл ыстық күн райы батыс Азия елдерінен келген. Солтүстік Қазақстанда сынап бағанасының өлшемдері 1910 жылдан бастап жүргізіліп келеді. Маусым айында дәл осындай ыстық күндер бұрын соңды болмаған. Жалпы біздің өңірде сынап бағанасы бір рет 41 градусқа дейін көтерілген. Бірақ ол шілде айында тіркелді.

Аптап ыстықтың салдарынан төтенше жағдай мамандары күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Соңғы бір аптаның ішінде өрт саны еселене түскен. Жығылғанға жұдырық демекші, онсыз да қиын жағдайды теректің мамығы одан әрі күрделендіріп отыр.

Соңғы бір аптаның ішінде үй өрті 20 рет, ал қамыс пен шөптің өрті 50 мәрте тіркелген. Көбі теректің мамығын әдейі жандырады. Өрт сөндіру мамандары күніне 20-25 шақыртуды қабылдайды. Техника өрт сөндіру бөліміне қайтып үлгермейді. Бір шақыртудан шығып, бірден екіншісіне барады.

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:

Дегенмен синоптиктер биыл қуаңшылық болмайды деген болжам жасап отыр. Бірнеше күннен кейін азда болса жаңбыр жауады екен. Ал шілде айында жауын-шашын молынан түседі, дейді.