Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтөбе облысы шегірткеден зардап шегіп отыр

Ақтөбе облысында далалық жерді шегіртке отап барады. Оның үстіне күн аптап ыстық. Жауын-шашын жоқ. Шаруалар жем-шөп, егінге қажетті жанар-жағар май мәселесі қалай болады деп те алаңдап отыр. Ал синоптиктер маусым айында еліміздің 5 өңірінде құрғақшылық болады дейді. Үкімет бұған қандай қам жасап жатыр? Әріптесім Ақбота Базарбай жалғастырады.

Ақбота БАЗАРБАЙ, ТІЛШІ:

Энергетика министрі арзан бағамен 419 мың тонна дизель отыны шаруаларға жеткізілді деп арқаны кеңге салып отыр. 1 тонна майдың құны 82 мың теңге деп бағалаған ол, дизель отынынан тапшылық болмайды деп сендірді.

Алмасадам СӘТҚАЛИЕВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРІ:

Осы жылы Энергетика министрлігі Ауыл шаруашылығы министрлігімен, әкімдіктермен және «ҚазМұнайГазбен» бірлесіп біркелкі жеткізу графигін дайындады. Өткен жылы айына 20 мың тоннадан 152 мың тоннаға дейін ауытқыса, осы жылы айына 81 мың тоннадан 117 мың тоннаға дейін біркелкі жеткізілді.

Жұмыстың ауқымы үлкейсе, кететін шығын мен жұмсалатын күш артады. Ауылшаруашылық министрі биыл 23 млн гектар алқапқа дақыл себілгенін мәлімдеді. Бұл былтырғыға қарағанда 69 мың гектар көп. Егін егілді, ендігі мақсат-өсіріп, мол өнім жинау.

Ербол ҚАРАШӨКЕЕВ, ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРІ:

Қазіргі уақытта министрлік егін жинау науқанын жүргізуге арзандатылған дизель отынына қажеттілікті қалыптастыруда. Айта кету керек, ауылшаруашылығы тауар өндірушілері дизель отынының қажетті көлемін қалыптастыру және сатуы алғаш рет субсидиялаудың мемлекеттік ақпараттық жүйесіндегі модуль базасында электрондық нысанда жүзеге асырылды.

Ақбота БАЗАРБАЙ, ТІЛШІ:

Биылғы аптап ыстық егін шаруашылығына кедергі келтіруі мүмкін. Қазгидромет қызметінің мәліметінше, 5 облыста құрғақшылық күтілуде. Қауіп жоғары өңірдің бірі-Ақтөбе. Аймақтағылар қандай қам жасап жатыр? Әріптесім Бакыт Рахметова толығырақ айтады.

Бақыт РАХМЕТОВА, ТІЛШІ:

Ақтөбенің Әйтеке би, Хромтау және Ырғыз аудандары құрғақшылық қаупі жоғары аумақтар қатарында. Биыл жаз ыстық болады және жауын-шашын аз түседі деген болжам бар. Бұл жағдайды күрделендеріп жіберуі мүмкін.

Лариса ТАРАСЕНКО, «КАЗГИДРОМЕТ» РМК АҚТӨБЕ ФИЛИАЛЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Ауа температурасы қалыпты нормадан жоғары болады, ал жауын-шашын көлемі нормадан төмен болады деп күтілуде. Сондықтан құрғақшылықтың болуы ықтимал. Әсіресе облыстың оңтүстік, шығыс бөлігінде осылай. Негізі жауын-шашын норма бізде 11ден 33 мм болуы тиіс.

Ақтөбе облысында биыл 508 мың гектар аумаққа егін егілген. Қарғалы, Мәртөк, Әйтеке би Хромтау аудандарының жұртшылығының негізгі кәсібі-ауыл шаруашылығы. Шаруалар негізінен дәнді дақылдар мен бау-бақша өсіреді. Соңғы жылдардағы құрғақшылыққа байланысты шаруалар суды аз қажет ететін өнім егуді қолға алған.

Нұрбек РАЙЫМБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Бізде негізінен дәнді дақылдардың көпшілігі құрғақшылыққа бейім. Жерсіндірілген тұқым сорттары егіледі. Жылда шаруалар өз әртүрлі сорттарын енгізіп тәжірибе жүргізеді. Құрғақшылыққа бейім біздің өңір сондықтан құрғақшыққа төзімді тұқым сорттарын пайдаланды.

Ал Жаныс би, Құрылыс, Қалыбай ауылдары шегірткеден зардап шегіп отыр. Қаптаған зиянкес егіндік пен жайылым жерді отап тастаған.

Сайран БАҚМАНОВ, ЖАНЫС БИ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Өртенген жер құсап қаптап келеді. Жаңа көршім қой кезектен келіп еді. Мына 500 метр жердегі жерге келіпті.Ауылымызға кіруге жақын қалған. Ешқандай мал жайылым, шабындық ештеңе қалдыратын түрі жоқ.Бұл жылдан жылға көбейіп бара жатыр.

Бақыт РАХМЕТОВА, ТІЛШІ:

Жергілікті билік өкілдері 23 мамырда ұшақпен , арнайы көліктермен зиянкестерді улау шараларын бастаған. Жүз мың гектар жердің 27 мың гектары өңделді.