Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев қазақстандық оқушылардың Қырымға сапары туралы пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, министрлік сәйкес бұйрықсыз балалардың шетелге шығуына тыйым салуды жоспарлап отыр.
Балалардың бәрі аман-есен оралды. Ата-аналарының қолына табысталды. Мұғалімге сәйкес жаза берілді, - деп атап өтті ведомство басшысы Үкіметтің кулуарында тілшілерге берген сұхбатында.
Сонымен қатар ол лагерьге балалар ата-анасының бастамасымен барғандығын айтты.
"Министрліктің бұйрығынсыз және балаларды қорғау комитетінің рұқсатынсыз оқушыларды шетелге шығаруға тыйым салу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр", - деп түсіндірді Ғани Бейсембаев.
Еске сала кетейік, 25 мамырда Оқу-ағарту министрлігі қазақстандық оқушылар тобы Росәріптестік бағдарламасы бойынша Қырымға кеткенін айтқан еді. Белгілі болғандай, бұл сапарды профильдік ведомствомен келіспей ұйымдастырған.