Русский Сайттың толық нұсқасы

Сыр елінде меценаттар есебінен көптеген нысандар салынуда,-Нұрлыбек Нәлібаев

  • AstanaTV
  • 07 маусым 2023
  • 881

Мемлекет басшысы туған жеріне жанашыр кәсіпкерлерді елдің экономикасын дамытуға үлес қосуға шақырғаны белгілі. Сыр өңірінде жергілікті кәсіпкерлер бұл істе белсенділік танытып, қайырымдылық шараларына, туған жерін түлетіп, көркейтуге барынша атсалысуда.

Бұл туралы облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Астана қаласындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы туған жеріне жанашырлықпен қарайтын кәсіпкерлерді патриотизм мен әлеуметтік жауапкершіліктің үлгісін көрсетіп, елдің экономикасын дамытуға үлес қосуға шақырған болатын. Осы жұмыстарға Сыр өңіріндегі жергілікті кәсіпкерлер, облыстан шыққан меценаттар белсенді араласып, қайырымдылық шараларына, туған жерін түлетіп, көркейтуге бар күш-жігерлерін салуда. Атап айтқанда, Болат Өтемұратовтың демеушілігімен 15 млрд.теңгеге «Қорқыт ата» әуежайының жаңа терминалы салынуда. Қызылорда қаласында белгілі кәсіпкер, меценант Марат Дүйсенбаевтың демеушілігімен құны 1,5 млрд. теңгені құрайтын «Анаға тағзым» орталығының құрылысы жүруде. Жерлесіміз, белгілі кәсіпкер Асқар Әубәкіровтің қолдауымен 1,5 млрд.теңгеге орталық алаң жаңғыртылады», – деді аймақ басшысы.

Өткен жылы Жаңақорған ауданында құны 790 млн. теңге болатын заманауи демалыс паркі, Сырдария ауданы Нағи Ілиясов ауылында құны 450 млн. теңге болатын «Еңбекшілер паркі» бой көтерді.

Ал Арал ауданының Тоқабай ауылында жеке инвестор есебінен апатты мектептің орнына жаңасы салынуда. Құны 500 млн. теңге болатын жаңа мектеп тамыз айында пайдалануға берілмек.

Сәуір айында Қызылорданың Түркістан облысымен шектесетін тұсынан демеушілік есебінен құны 230 млн. теңге болатын облыстың кіреберіс қақпасы ашылды.

Мұнан бөлек, 7 мың адамға арналған «Қайсар» футбол командасының жаңа стадионы бой көтереді.

«Қазгермұнай» ұлттық компаниясымен келісім нәтижесінде Қызылорда қаласында 2 млрд. 500 млн.теңгеге заманауи үлгідегі «Оқушылар сарайының» жобасы басталады.

Мемлекет басшысы жариялаған «Балалар жылында» аймағымыздың демеушілері 1,6 млрд. теңгеге 80 спорт-ойын алаңын салып, балдырғандардың игілігіне пайдалануға берді.

Өткен айдан бері демеушілердің қолдауымен 1 млрд. 100 млн. теңгеге облыс орталығындағы 50 үйдің қасбеттері заманауи панелдермен қапталуда. Сондай-ақ, демеушілер 1 млрд. теңгеге 20 көпқабатты тұрғын үйдің аулаларын абаттандыруда, яғни заманауи спорт алаңдары, тротуарлары, жарық бағаналары жаңартылуда.

«Аймақ халқы атынан осы игі бастамаларға қолдау білдірген демеушілерге алғысымыз шексіз!», – деп тұжырымдады өз сөзін Қызылорда облысының әкімі.