Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде жергілікті кәсіпкерлердің өңірді дамытуға қосып жатқан үлесіне тоқталды.
«Сыр өңіріндегі жергілікті кәсіпкерлер, облыстан шыққан меценаттар қайырымдылық шараларына, туған жерін түлетіп, көркейтуге бар күш-жігерлерін салуда. Атап айтқанда, Қызылорда қаласында белгілі кәсіпкер, меценант Марат Дүйсенбаевтың демеушілігімен құны 1,5 млрд теңге болатын «Анаға тағзым» орталығы салынуда. Болат Өтемұратов қоры арқылы «Қорқыт ата» әуежайының жаңа терминалын салуға 15 млрд теңге бөлінді», – деді облыс әкімі.
Нұрлыбек Нәлібаев былтыр Жаңақорған ауданында демешуілер есебінен құны 790 млн теңге болатын заманауи демалыс паркі, Сырдария ауданы Нағи Ілиясов ауылында құны 450 млн теңге болатын «Еңбекшілер паркі» бой көтергенін еске салды.
«Ал Арал ауданының Тоқабай ауылында жеке инвестор есебінен апатты мектептің орнына жаңасы салынуда. Құны 500 млн теңге болатын білім ошағы тамыз айында пайдалануға берілмек.
Бұдан бөлек, 7 мың адамға арналған «Қайсар» футбол командасының жаңа стадионы бой көтереді.
«Қазгермұнай» ұлттық компаниясымен келісім нәтижесінде Қызылорда қаласында құны 2 млрд 500 млн теңгеге заманауи үлгідегі «Оқушылар сарайының» жобасы басталады.
Аймақ халқы атынан осы игі бастамаларға қолдау білдірген демеушілерге алғыс айтамыз», – деді аймақ басшысы әкімі.