Русский Сайттың толық нұсқасы

«Халықаралық рейтинг агенттіктері Қазақстанның инвестициялық әлеуетін растады», - Президент

Халықаралық рейтинг агенттіктері де Қазақстанның инвестициялық әлеуетін растады. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты. Қазір инфляцияның өсуі мен сауда-саттықтағы шектеулер жаһандық экономиканың дамуына айтарлықтай кедергі келтіріп отыр. Соған қарамастан елдегі экономика төрт айда 5 процентке өскен. Бұл - орташа әлемдік көрсеткіштен 3 есе көп. Нәтижесінде нарықта оң динамика байқалды.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Былтыр біз шетелден 28 миллиард доллар көлемінде инвестиция тарттық. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Бір айта кетерлік жайт, шетелдік инвесторлар шикізаттық емес секторға айрықша қызығушылық танытады. Халықаралық рейтинг агенттіктері де Қазақстанның инвестициялық әлеуетін растады. Бүкіл әлемде протекционизмнің белең алуына қарамастан, ашық нарықтық экономикасы бар ел ретінде өз позициямызды нығайта түстік. Сыртқы сауда айналымы 32 пайызға өсіп,134 миллиард долларға жетті.

Соңғы жылдары елімізде жұмыс істеуге ниетті шетелдік инвесторлар қатары артқан. Бұл еліміздің инвестициялық қарқыны жоғары екенін дәлелдейді. Шетелдік мамандарды одан әрі тарту мақсатында ауқымды іс-шаралар қолға алынған.

Нұрлан СМАҒҰЛОВ, ASTANA GROUP ПРЕЗИДЕНТІ:

Қазақстан форумнан кейін көп инвестиция тартады деп ойлаймын. Бұған дейін де өзге елден инвестиция тарту бойынша жақсы көрсеткіштерге қол жеткіздік. Қазақстан -әлемдік аренада өзін жақсы жағынан көрсеткен мемлекет. Біз ешкіммен араздаспаймыз, бәрімен бірдей жылы қарым-қатынас орнатамыз. Қазір біздің елімізге инвестиция бойынша біраз ел қызығушылық танытып отыр. Оны соңғы үш айда байқадық. Алдағы уақытта Кореямен, Жапония, Қытай секілді ірі мемлекеттермен байланысты арттырамыз деген үміттенеміз.