Русский Сайттың толық нұсқасы

Биылғы жылу беру маусымы проблемалармен басталды

  • AstanaTV
  • 07 қазан 2016
  • 3586

Еліміздің бірқатар аймақтарында жылыту маусымы басталды. Және жылдағыдай бірқатар қиындықтарын ала келді. Мәселен, Павлодар қаласындағы әлеуметтік нысандарға  жылу толықтай берілгенімен, № 25 мектеп жылусыз отыр. Жылуға жауапты мекеме өкілдері болса, барлығы түгел қамтылғанын айтады. Ал, жылуға қарызы қордаланып  қалған қостанайлық тұрғындар қақаған суықта үйлерінде бүрсеңдеп отыруға мәжбүр. Салғырттық салдарынан олардың пәтерлері жылудан ажыратылып жатыр.

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

Павлодардың №25 мектебіне жылу қазанның 4-не дейін беріледі деп уәде етілген. Алайда, бүгін қазанның 7-сі, мұнда жылу жоқ. Кабинеттер салқын болса да, оқу барысы тоқтатылмаған. Балалар қалыпты сабақта отыр.

Сыныптардағы сынап бағанасы 20 градусқа жетер-жетпес. Бұл температураға шыдауға болады. Бірақ ауа райы бүгінгі қалпынан танбаса, бірер күнде ғимараттың іші азынап кетері анық. Осыған алаңдаған ұстаздар түйткілді мәселе шұғыл шешілсе,- дейді. Ал жылуға жауаптылар кінә бізден емес деп отыр.

Мәдина Сырымова, «Павлодар жылу желілері» ЖШС бөлім басшысы:

Біз тиісті параметрге сәйкес қысым бердік. Жылу берілді. Қалғаны тұтынушылардың өз қолында. Ғимараттағы ішкі жүйені толық жылумен қамту - олардың тікелей міндеті. Ол үшін тиісті реттеу жұмыстарын жүргізулері керек.

Білім ошағы басшыларының айтуынша, мекеме жылыту маусымына сақадай сай. Алайда жылу бізге берілмеді дейді. Соған қарамастан, сыныптарда сабақ жалғасуда.

Гүлсім Қайырбекова, Павлодар қаласы №25 орта мектебі директорының міндетін атқарушы:

Тазарту жұмыстары өткізілді. Жылу беру құбырларына рұқсаттама қағазы да алынды. Мектептің ішінде барлық құбырлар қызметін атқарып тұр. Тек ТЭЦ-1 байланысты бізге қосылу болса, жылу беріледі. Оқу процессі толығымен жүргізіліп жатыр.

Ал Қостанайда жылуға қарызы бар адамдар жылудан ажыратыла бастады. Мемлекеттік мекеменің мамандары рейд өткізіп, борышкерлердің жиҺаздары мен тұрмыстық техникаларын тәркілеуге кіріскен. Қала тұрғындарының жалпы берешегі 200 миллион теңгеге жақын. Олардың арасында жылуға 15 жылдан бері ақы төлемей жүргендері бар. Бір бөлмелі пәтерді паналап отырған Светлана Лысенконың отбасы 300 мың теңге берешек. Бес жылдан бері бұл қызметтің ақысын өтемегені үшін енді ол жылудан ағытылды.

Светлана Лысенко, Қостанай қаласының тұрғыны:

Әрине, жылу керек. Бірақ  көп қарызды төлей алмаймыз. Мен ай сайын 10 мың теңге көлемінде қарызды өтей алар едім. Оның өзі жетім қалған немеремді асырап алғаным үшін берілетін ақша.

Жылыту маусымы басталысымен, қарағандылық төтенше жағдай қызметкерлерінің жұмысы да қыза түседі. Қалада  көпқабатты үйлердің бірқатар орталық жылу қазандығына қосылмаған. Сол себепті тұрғындар жиырма жылдан бері пәтерлерінде пеш жағуға мәжбүр. Ағаш пен көмір жертөледе сақталады. Бұл өрт шығу қаупін жоғарылатады,- дейді мамандар.

Сергей Коваленко, Қарағанды облыстық ТЖД өрт қауіпсіздігі басқармасының басшысы:

Үгіт-насихат жұмыстарын үнемі күшейтіп отырамыз. Тұрғындармен кездесіп, ағаш-көмірді қалай пайдалану, қалай сақтау керектігін түсіндіреміз. Яғни қауіпсіздік шараларын бұзбауға шақырып, жағдайды шамамыз келгенше ушықтырмауға тырысамыз.

Оралдағы жылу беру кәсіпорны қарызды қайтарудың жаңа тәсілін ойлап тапты. Енді «ЖайықЖылуҚуат»  мекемесі қызметкерлерінің жалақысынан жылу ақысын бірден ұстап қалады. Бұл бастаманы жұмысшылар да құптап отыр. Мұндай шара жылуға қарызы бар тұрғындарға да қолданылмақ.

Вячеслав Солодилов, "ЖайықЖылуҚуат" АҚ коммерциялық директоры:

Жылу ақысын төлемеген 15 отбасының жылыту батареяларын кесіп тастадық. Бірақ бұдан нәтиже болмады. Енді сотқа шағымданып, заңмен шешуге тырысамыз. Борышкердің үйі мен көлігі болса, сатуға шығарып, өзіміздің алашағымызды қайтарып аламыз.

Жыл санап жылуға қарызданған тұтынушылардың көрсеткіші артып келеді. Мәселен, тек Павлодар облысының тұрғындары бұл қызмет үшін 1 млрд 700 млн теңге қарыз. Оралдықтардың берешегі 390 млн теңгеге жетсе, Қызылорда халқының 300 млн теңге шамасында борышы бар. Ал шымкенттіктер жылуға 109 млн теңгеден астам қарыз.

Еліміздің солтүстік және орталық аймақтарында жылу беріле бастады. Оңтүстік өңірлер мен батыста жылыту маусымы қазанның 15-іне белгіленіп отыр. Ал Шымкентте тұрғын-үйлерге жылу қарашаның басында қосылады деп күтілуде.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ