Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарағанды облысындағы құс фабрикасында тауықтар жаппай қырылды

  • AstanaTV
  • 07 қазан 2016
  • 3389

Қарағанды облысы Абай ауданындағы «Орталық құс» фабрикасында өндірілген ет пен жұмыртқаны сыртқа шығаруға тиым салынды. Бұған себеп, аталған серіктестікте тауықтардың жаппай қырылуы. Кәсіпорындағы 800 мыңдай құстың 16 мыңнан астамы өлген. Бұл жайында аумақтық инспекцияның өкілдері айтты.

Ветеринар мамандардың дерегіне сай, қанаттылар диірменнен жуырда ғана әкелінген жемнен уланған. Фабрикада құстардың өлуі осыдан екі апта бұрын басталыпты. Алдымен беймәлім себептермен 3 мыңдай құс өлген. Қырылған құстар санитарлық талаптарға сәйкес толық жойылады. Ветеринарлық инспекторлардың айтуынша, емдеу шығыны көп болғандықтан, індет жұқтыруы мүмкін делінген 13 мың құстың да көзі жойылды. Бүгінде Құрма ауылындағы «Орталық құс» фабрикасының аумағында шектеу қойылып, залалсыздандыру жұмыстары жүргізілуде.

Марат Мұқтаров, Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті Қарағанды облыстық аумақтық инспекциясының  бастығы:

Ветеринарлық лабораторияның қорытындысы бойынша сальмонеллез ауруын қойып отырмыз. Осыған орай шаруашылықтан құс өнімдері, оның ішінде «Орталық құс» фабрикасы құс жұмыртқа өндіреді. Ол сыртқа шығарылмайды. Шаруашылық байланыс тоқтатылады. Оған бөгде адам кірмейді.

Ветеринарлар бұл жағдай тіркелмей тұрып, ауру құстардың еті мен жұмыртқасы екі аптадан бері базарлар мен дүкендерде сатылып келуі мүмкін деп қауіптеніп отыр. Оны анықтау үшін алдағы уақытта жаппай тексерулер  өткізу жоспарланды. Мамандар бұл фабриканың өнімдерін байқаған тұрғындардың ветеринарлық бақылау мекемесіне дереу хабарласуын сұрайды.

Еске салсақ, «Орталық құс» фабрикасында 2010 жылы 150 мыңдай тауық қырылған. Электр қуатымен қамтамасыз ететін компания қарызын өтемеген құс фабрикасының жарығын сөндіріп тастап, желдеткіш істемегендіктен, құстар тұншығып өлген еді.

Айжан ҚУАШ