Русский Сайттың толық нұсқасы

Елімізде баспана мәселесі жасанды интеллект арқылы шешілуі мүмкін

  • AstanaTV
  • 09 маусым 2023
  • 891

Қазақстанда халыққа арналған әлеуметтік көмекті жасанды интеллект арқылы жүзеге асыру әдістері қаралып жатыр. Бұл туралы Астана халықаралық форумында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Министр жасанды интеллектті дамыту үшін сапалы деңгейде жинақталған мәліметтердің құрылымдық деректер қорын қалыптастыру қажет екенін атап өтті.

«Қазір бізде 400 түрлі деректер базасы бар және оларды біріктіруге тырысып жатырмыз. Бұл ретте біріктіріліп жатқан 80 негізгі деректер базасы бар. Енді біз оларды талдап, нәтижесін шығарамыз. Мәселен, Қазақстанда 600 мың адам тиімді бағада баспана алуға өтініш жасаса, олардың кейбірі осыдан 10 немесе 5 жыл бұрын құжаттарын өткізген. Бірақ біз қазір мәліметтер базасын бір деректер қорына біріктірдік және осы 600 мың өтінішті зерделедік. Осы орайда олардың жарты миллионында пәтерлер бар екені анықталды. Олар енді Үкіметтен бұл қолдау түрін алмайды. Дегенмен, тиісті қолдау баспанаға мұқтаж басқа отбасыларға бағытталады», - деді Б. Мусин.

Бағдат Мусин Қазақстан мемлекеттік қызмет көрсетудің проактивті әдісіне көшуге назар аударып отырғанын айтты. Бұл өз кезегінде Қазақстан халқына қандай қолдау қажет екенін түсінуге мүмкіндік береді.

«Осыған дейін әлеуметтік көмек алуға жүгінбеген азаматтарға 60 000 SMS жіберіп, хабарламадағы сілтемені басу арқылы осы көмекті алуға жағдай жасалатынын ескерттік. Осы орайда мұндай тәсілдер жасанды интеллекттің бастапқы мүмкіндіктерінің бірі саналады. Алдағы уақытта бұл технологиялар арқылы талдау жасауға көшеміз», - деді министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, елімізде жыл соңына дейін жасанды интеллекті дамыту стратегиясын жариялау жоспарланып отыр.