Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматы облысында 15 млн-ға мектеп сатылған ауданның архиві өртенді

  • AstanaTV
  • 09 маусым 2023
  • 1023

Алматы облысы Қарасай ауданының Қаскелең қаласындағы АХАЖ және мұрағат ғимараттарында ірі өрт болды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

"8 маусым күні сағат 14.51-де Алматы облысы ТЖД кезекші бөліміне Алматы облысы Қарасай ауданы Қаскелең қаласында Өміралиев көшесі бойындағы өрт туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына Алматы облысы ТЖД күштері мен құралдары дереу жіберілді. Шақыру орнына келгеннен кейін әкімшілік ғимараттың (АХАЖ) өрттің мұрағат ғимаратына, жеке тұрғын үйдің шатырына, жеке тұрғын үйдің аумағындағы шатырға және 418 шаршы метр аумақтағы тұрғын үйдің аумағындағы шаруашылық құрылыстарға жеткені анықталды", - деп мәлім етті Алматы облысы ТЖД баспасөз қызметі.

Өрттің бірнеше нысандарға таралуына өрттің шығуы туралы кеш хабарлануы себеп болған.

"Хабарламадан кейін өрт сөндірушілер оқиға орнына алты минутта келген. Соған қарамастан өрт сөндіруші бірінші бөлім келген кезде өрттің ауданы алдын-ала 300-400 шаршы метрді құрады. Ең жақын өрт сөндіру бөлімінен өрт орнына дейінгі қашықтық 3 шақырымды құрайды. Ең жақын өртке қарсы сумен жабдықтау (өрт гидранты) объектілерден 1,5 шақырым қашықтықта орналасқан. Өрт сөндірушілер дер кезінде жетіп, қабылданған шаралар өрттің жақын маңдағы сәулет ғимараттарына, дүкендер мен жеке тұрғын үйлерге таралуына жол бермеді", - делінген баспасөз мәліметінде.

Өрттен зардап шеккендер жоқ екені белгілі болды.

"Өрт 16.17-де оқшауланып, 17.31-де жойылды. Қазіргі таңда шығу себебі анықталуда. Өрттің себебін анықтау үшін оқиға орнына Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментінің ғылыми-зерттеу өрт сынақ зертханасы жіберілді. Өртті сөндіруге Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментінің 29 қызметкері мен 11 техникасы, Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің алты қызметкері мен бір техникасы жұмылдырылған", - делінген хабарламада.

Еске сала кетейік, Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай Алматы облысы Қарасай ауданы Шалқар ауылында 250 балаға арналған Ломоносов атындағы орта мектеп жекенің қолына 15 млн теңгеге сатылып кеткені туралы мәлімдеген болатын. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев бұл мәселенің анықталып жатқанын айтқан еді.