Русский Сайттың толық нұсқасы

Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке Абай облысындағы өртке қолда бар барлық ресурстарды жұмылдыруды тапсырды

  • AstanaTV
  • 10 маусым 2023
  • 1606

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке Абай облысындағы өртті сөндіру, сондай-ақ апат ауқымының кеңеюіне жол бермеу және азаматтар мен олардың мүлкінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қолда бар барлық техникалық және адами ресурстарды жұмылдыруды тапсырды.

Өртті сөндіруге Қорғаныс министрлігінің бөлімшелері тартылды.

Еске салайық, аздаған уақыт бұрын Семей қаласында жергілікті ауқымда табиғи сипаттағы төтенше жағдай режимі жарияланды.

«Семей» орманы резерватында өрт 8 маусым күні шыққан болатын. «Өрт найзағайдың 2 рет соғуынан шыққан. Өртті тез арада ауыздықтау мүмкін болмады, оған себеп «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты техникасы биік құм төбелері орналасқан аймаққа жете алмады», - деген болатын Абай облысы әкімінің орынбасары Димитрий Гариков.

Кейінірек Семей орманындағы өртті сөндіруге жұмылдырылған 3 маман қаза тапты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильинге Абай облысындағы оқиға орнына жедел барып, өрт сөндіру жұмыстарын басқару міндетін жүктеді. Үкіметке және Абай облысының әкімдігіне қаза тапқан орман шаруашылығы қызметкерлерінің отбасыларына барлық қажет көмекті көрсетуді тапсырды.