АҚШ-тың Нью-Джерси штатында да орман өртеніп жатыр. Тілсіз жау екі айға жалғасуы мүмкін. Себебі өңірде жаңбыр жаумағанына көп болған. Күн ыстық, жел күшті. Өртті ауыздықтау қиын боп тұр. Ал франциялық сарапшылар 2050 жылға қарай өңірдің оңтүстік батысындағы орманның 85 пайызы күлге айналуы мүмкін дейді. Елде жыл басынан бері 20 мың гектар жасыл желек өртке оранған. Қайғылы жайттың алдын алу үшін билік орман өртімен күресті күшейтіп жатыр.
Канадада Альберта провинциясында 78 өрт ошағы тіркелген. Қызыл жалын салдарынан Эдсон қаласына қауіп төніп тұр. Шаһардың 8 жарым мыңға жуық тұрғынын қауіпсіз жерге көшіруге бұйрық берілді. 200 мың гектардан астам жасыл желек күлге айналған. Франция, Португалия, Испания, Австралиядан құтқарушылар келді.
БЛИЦ-САУАЛНАМА:
- Мен климаттың өзгеруі шындық екенін білемін және мен мұны дала өрттерінің жиі болып жатқандығымен байланыстырамын.
- Бұл мені шынымен мазалайды, өйткені менде демікпе бар, сондықтан мен маска киюім керек. Мен әлі де жұмыс істеуім керек.
Канададағы өрттен шыққан түтін АҚШ-тың бірнеше қаласына жетті. Филадельфияда ауа сапасы қатты нашарлап, аспан сары түске боялды. Жергілікті әкімшілік мұндай ахуал бірнеше күнге жалғасуы мүмкін екенін ескертті.
Ал Германияда орманды шарпыған қызыл жалын ауыздықталды. Берлиннің оңтүстігінде тіркелген өрт ошағын 12-і күн дегенде әрең сөндірген. Тілсіз жау 733 гектар жерді жайпады. Жергілікті биліктің айтуынша, өрт ошағына жақын маңдағы қалалар мен ауылдарға қауіп төніп тұрған жоқ. Ауа райы қызметі Германиядағы аптап ыстық әсерінен өрт қаупі жоғары екенін айтты. Аймақта қуаңшылық артып, су тапшылығы мәселесі туындады
Кувейтте де өрт. 30 жылдан бері жарамсыз көлік дөңгелектері тасталып келген қоқыс алаңы жанып жатыр. Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, полигонда 50 миллионға жуық шина бар.
Франция ормандарында шылым шегуге тиым салынбақ. Темекі тұқылын тастап, тілсіз жаудың тұтануын тудырған адам 10 жылға бас бостандығынан айырылып, 150 мың еуро айыппұл төлеуі керек дейді заң шығарушылар. Сонымен қатар, орман ауа райына жеке болжам жасайтын арнайы қызмет пайда болады. Ауа температурасы 30 градустан асқанда, ылғалдылық 30 пайыздан кем болғанда және желдің екпіні сағатына 30 шақырымнан күшейгенде, дабыл қағылады.
Софи ПАНОНАКЛЬ, ФРАНЦИЯ ҰЛТТЫҚ АССАМБЛЕЯСЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:
Жаңа заңның күшімен жергілікті өзін-өзі басқару мекемелерін дрондарды пайдалануға міндеттегіміз келеді. Бұл құралдар өрт қаупін анықтауға жақсы көмектеседі.
Сүндет ОРАЛБЕКОВ, ТІЛШІ:
Қылдай ғана сіріңкенің талшығы. Тұтатқан кезде төңіректі тілсіз жау шарпиды деп ойламайсың. Жалыны өшпестен лақтыра саласың. Дүние дүрлігіп тұр. Салғырттықтың салдарынан мыңдаған гектар орман отқа орануда. Қауіпсіздік сақталу үшін расымен қатаң шара керек секілді.