Премьер-Министрдің орынбасары – ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев орман шаруашылығы комитетін қаржыландыруға қатысты тілшілердің сұрақтарына жауап берді.
«2023-2025 жылдарға арналған үш жылдық бюджетке –121,5 млрд теңге, биылғы жылға 52,7 млрд теңге бөлінген. Өткен жылғы қаражат көлемі азырақ еді», – деді Ерұлан Жамаубаев үкімет аясында.
Сондай-ақ Қаржы министрі ескірген техника мәселелеріне түсінік берді.
«Белгілі бір нормативтер бар, іс жүзінде осы нормативтер бойынша қаржыландырамыз. Қажеттілік нормасы да нақты жазылған. Бір жыл ішінде барлық техниканы жаңарту мүмкін емес екені анық. Егжей-тегжейлі қарау керек», – деді министр.
Оның айтуынша, саланы қосымша қаржыландыру әлі қарастырылмаған.
«Комиссия жұмыс істеп жатыр, қанша қаражат қажет екенін анықтаймыз. Алдын ала залал туралы әлі айта алмаймыз, өйткені өрт әлі сөндірілген жоқ. Айтарлықтай үлкен аумақты от шарпыды, сондықтан барлық рәсімдердің аяқталуын күтейік», – деп қорытындылады Премьер-Министрдің орынбасары.