Қытайда тұратын қандастарымыз келін түсіру тойында қазақтың «Қара жорға» биін заманауи қимылдармен түрлендіріп билеп, ерекше думанды қойылым жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Әлеуметтік желіде тарап жатқан осы ерекше той видеосынан бір топ қыз-жігіттермен бірге жаңа түскен келіннің де «Қара жорға» билеп жүргенін көруге болады. Олар ерекше ынтамен, шебер әрі жарасымды билеп, кештің көркін қыздырған.
Әсілінде «Қара жорға» биінің түп нұсқадағы қимыл-қозғалысы баяу ырғақты болып келеді. Қыз бен жігіттің арасындағы ынтық көңіл мен іңкәр сезім назды көрініске арқау етілген. Ал бұл жолғы тойда жастар биді заманауи қимылдармен түрлендіріп, сәтті шоу-қойылым жасаған секілді.
Еске сала кетейік, бүгінгі күні жұрт арасында «қазақта би болмаған», «Қара жорға» біздің би емес» деген секілді пікірі құлаққа шалынып қалып жатады. Ал анығында «Қара жорға» - ортамызға қайта оралған жәдігеріміз. Қазақстан аумағында бұл би туралы айтылатын нақтылы дәйекті деректерге жүгінсек, 1975 жылы шыққан «Қазақ Совет энциклопедиясының» 6-том, 477-бетіндегі «Қара жорға» - қазақ халық биі» деген анықтама болса, тағы бірі архивтік құжаттарда Мұхтар Әуезовтің 1934 жылы қойылған «Айман-Шолпан» спектаклінде «Қара жорға» биінің үлкен сахнаға тұңғыш рет көтерілгені туралы құнды дерек кездеседі. Сонымен бірге Алаштың ардақты ақыны, белгілі қоғам қайраткері Ілияс Жансүгіровтің XX ғасырдың басында жарық көрген «Жолдастар» атты шығармасында да халық биі «Қара жорға» туралы анық жазылған. Аталған шығармадағы мәліметтерге қарағанда «Қара жорғаның» 1915-1916 жылдардың өзінде қазақ ортасында кең таралған би екенін аңғаруға болады.
Ал қазақтың деректі киносының негізін қалаушы кинорежиссері, Қазақ КСР халық артисі Ораз Әбішевтің 1974 жылы түсірілген, атақты Абсентке арналған «Абсент – сын Араба и Баккары» атты деректі фильмінде де «Қара жорға» биінің көріністері кездеседі.