Қарағандыда облыстық арнайы мамандандырылған музыкалық мектеп- интернатының директоры оқушы қызды зорламақ болған. Бұл туралы қыздың анасы мәлімдеді. Айтуынша, пән мұғалімі болған мектеп директоры 9-сынып оқушысын «қосымша сабаққа кел» деген сылтаумен жеке кабинетіне шақырып алып, арам пиғылын жүзеге асыруға тырысқан. Бұған қатысты құзырлылар не дейді? Мәселенің мән-жайын тілшіміз Айжан Қуаш тарқатып айтады.
Жатақханада тұратын оқушы емтиханның алдында сыныбымен математика пәнінен қосымша дайындыққа барады. Пән мұғалімі -мектеп директоры. Жасы 60-тар шамасында. Кезекті сабақ аяқталысымен директор қыздан тағы да дайындыққа қалуды сұрап жеке кабинетіне шақырады. Кешке дейін жасөспірімді жанында ұстап мектеп ұжымы жұмыстан кетісімен есікті бекітіп, жыныстық қатынасқа итермелеген. Анасының айтуынша, арам пиғылдыдан әрең құтылған бала дереу оған қоңырау шалып барлық жайтты айтып берген.
Мадина, ЖӘБІРЛЕНУШІНІҢ АНАСЫ:
Даусы дірілдеп тұрды, мама сізге қалай айтарымды білмеймін, бірақ директор маған тиісті деді. Директор мұғалімдер мен хатшы кете сала есікті құлыптап, баламды шығармай қойыпты. Сен өстің, әйел мен еркек арасында мұндай жағдай болады деген бірдеңелер айта бастапты. Қызымның кеудесінен, белінен ұстап, мойнынан сүймек болған. Көнбеген соң айқайлаған, тізерлетіп қасына отырғызған. Ақыр аяғында кешір, бұл жағдайды ешкімге айтпа, арамызда қалсын деп шығарып салған.
Бұл сұмдық жағдайды естіген анасы бірден мектеп директорымен кездеседі. Оқушымен беттескен ол бір ауыз сөз айта алмай тұрып қалды,- дейді анасы. Ал бойын үрей билеген қыз мектепке барудан бас тартыпты. Анасы 9- сыныпты аяқтауға әрең көндіргенін айтады. Қазір тергеу басталды. Полиция бұл іске қатысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады..
Қарағанды облыстық полиция департаменті:
Аталған факт бойынша ҚР ҚК 123-бабының 2-бөлігі, «Кәмелетке толмағандарды жыныстық қатынасқа мәжбүрлеу» бойынша арыз тіркелді. Тергеу жүріп жатыр.
Мадина, ЖӘБІРЛЕНУШІНІҢ АНАСЫ:
Менің қызымды жеке кабинетіне шақыруы да күдікті. Неге сабақты математика кабинетінде өткізбейді? Тіпті баламның құрбысы қосымша сабаққа мен де бірге барайыншы деп сұраныпты. Оған сен кейін қатысасың деп келтірмей қойған. Ол оқушы, директорды тыңдайды, арам ойын қайдан білсін?
Айжан ҚУАШ, ТІЛШІ:
Жәбірленушінің анасы директордың қатаң жазалануын талап етіп отыр. Айтуынша, өзге де жапа шеккендер бар көрінеді. Ал облыстық білім басқармасы бұл іске қатысты ешқандай ақпарат бермеді.