Русский Сайттың толық нұсқасы

Жаңа қауіп! Қызылша ауруы дендеп барады

Елордада қызылша ауруы белең алды. Ауа арқылы жұғатын дерт балалар арасында өршіп тұр. Дәрігерлер дабыл қағуда. Көпті шошытқан қызылша дертінің қауіптілігі неде? Толығырақ Ақбота Базарбай тарқатады.

Астанада күн өткен сайын қызылша дертіне шалдыққандар саны артуда. Екі айдың ішінде қауіпті ауруды 111 адам жұқтырған. Оның 34-і - бала. Көбі 1 мен 7 жас аралығында. Қызылшаның алдын алу үшін екпе алу керек дейді мамандар. Бірақ, осы тұста көпшіліктің пікірі екіге бөлінеді.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Это положено, как положено. Мысалы, советский союзда бәріміз алдық уақытында. Сейчас ничем не болеем. Не корь, не оспа.

- Жаңадан өмірге келіп жатқан баланы қинайды ғой былайша айтқанда. Мен қарсымын, үзілді-кесілді қарсымын.

- Сенім жоқ оларға қазір. Потому что, то инфекция кіргізеді, то еще что-нибудь.

Өкінішке қарай, ата-аналардың вакцинациядан бас тартуы баланың денсаулығына ғана емес, айналасындағы адамдарға да қауіп төндіреді дейді мамандар. Ауру көп жағдайда науқас адам жөтелгенде, түшкіргенде және сөйлегенде бөлінетін сілекей арқылы, ауа арқылы тез таралады.

Гүлмира НҰРТАЗИНА, №3 КӨПСАЛАЛЫ ҚАЛАЛЫҚ БАЛАЛАР АУРУХАНАСЫ ИНФЕКЦИЯ БӨЛІМІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ:

Қызылша бұл – өте жұқпалы респираторлық вирустық инфекция. Ауру қоздырғышы -вирус. Қызылшамен тек екпе алмаған адам ауырады. Дерттің негізгі белгілері - дене қызуының 38-40°С дейін жоғарлауы, құрғақ жөтел, мұрын бітуі, түшкіру, бастың ауырсынуы, қабақтың ісінуі және көздің қызаруы, жұтқыншақтың ісінуі, денеде бөртпелердің пайда болуы. Айта кету керек, бөртпелер кезектесіп шығады және бірігіп кетуге бейім болады. Мұндай жағдайда дереу дәрігерді шақыртып, қаралған жөн.

Жұқпалы аурудан қатты зардап шегу қаупі бар. Мәселен, полиомиелитпен ауырған кезде паралич дамуы мүмкін, қызылша соқырлық пен паненцефалит, яғни мидың зақымдануына әкеледі, тіпті өлімге әкелуі ғажап емес. Ал паротит ер балаларды бедеу қылса, жүкті әйелдерде қызамық – ұрықтың туа бітті деформациясына апарады. Мамандар жағдайға алаңдаулы.

Нұршай ӘЗІМБАЕВА, ҚР ДСМ САНИТАРИЯЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ КОМИТЕТІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:

Қызылша ауруы вакцинамен басқарылатын ауру болғандықтан, әрине, науқастардың ішіндегі 70 пайызға жуығы бұл егілмеген балалардың арасында тіркеліп отыр. Бұл вакцинаның тиімділігін көрсетіп отыр. Қалаларда тіркелген жағдайлардың басым бөлігі 14 жасқа дейінгі балалар және жоспарлы егулерін дер кезінде алмаған.

Бұдан бөлек бас қалада Covid-ке ұқсас энтеровирус өршіп барады. Ол лас бассейн, су қоймалары мен бұрқақтар арқылы тез тарайды дейді санитар мамандар. Сондай-ақ көкөніс пен жеміс-жидекті және өзге де тұрмыстық заттарды лас қолмен ұстау арқылы жұғуы мүмкін. Жыл басынан бері 800-ге жуық адам осындай сырқатпен емделген. Бір емханаға бір тәулікте іші өтіп, дене қызуы көтерілген кемі 5 адам келеді.