Русский Сайттың толық нұсқасы

1200-12000 теңге аралығында: Алматыда әуежайдағы такси қызметінің тарифі бекітілмек

  • AstanaTV
  • 15 маусым 2023
  • 1066

Алматыдағы Халықаралық әуежайда такси қызметіне арнайы тариф бекітілмек. Бағаны талдау үшін арнайы жұмыс тобы құрылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Қалалық әкімдік дерегіне сүйенсек, кәсіпкерлер палатасы жанынан жұмыс тобы құрылған. Құрамын Алматы қаласының кәсіпкерлер Палатасының, Авиациялық көлік прокуратурасының, Алматы қаласының туризм басқармасының, Алматы қаласының халықаралық әуежайының, Алматы қаласының халықаралық әуежайының ЖПҚ, Түрксіб ауданының ЖПҚ, Алматы қаласының мемлекеттік кірістер департаментінің, Алматы қаласы ІІД-нің, Қазақстандық туристік қауымдастықтың, Алматы қ. ТЖК өңірлік палатасының және тағы басқаларының өкілдері енді.

Олар екі апта ішінде таксиге тапсырыс беру қызметтері (AparuTaxi, Region, Yandex Taxi, Uber, Blue Sky Energy және т.б.) ұсынатын таксилердің құнын талдады, жүрудің орташа бағасы есептеді.

Нәтижесінде жолаушыларды тасымалдау тарифтері отырған жерден баратын пунктке дейін қашықтыққа әрі такси класына байланысты 1200-ден 12000 теңгеге дейін өзгеретін болды. Ең жоғары баға әуежай терминалынан "Шымбұлақ" тау шаңғысы курортына дейінгі таксидің премиум сегментінде көрсетіледі.

Айта кетерлігі, бұл әзірге тұрақты баға емес. Өйткені такси қызметтерінің құны ауа-райын, сұранысты және басқа деректерді ескере отырып өзгеруі мүмкін.

Жалпы мұндағы мақсат жауапсыз такси жүргізушілерінің заңсыз әрекеттерін реттеу.

“Жұмыс тобы қалалық аймақтарды және ұсынылатын бағаларды қоса алғанда, ресми такси операторларының қызметтеріне тарифтерді көрсете отырып, ақпараттық стендтер мен буклеттер әзірледі. Материалдар қазақ, орыс, ағылшын және қытай тілдерінде жарияланды. Толық қамту үшін ақпараттық стендтер Алматы қаласының халықаралық әуежайының терминалдарында ілінеді. Кедендік бақылау аймағында шетел азаматтарының паспорттарына ақпараттық қосымша парақтарды тарату көзделген. Сондай-ақ, қонақтар терминалдан шығатын туристік орталық тұғырынан толық ақпаратты ала алады”, - делінген әкімдік хабарламасында.

Айта кетейік, бұған дейін әуежайдан Үндістан азаматын қонақ үйге жеткізгені үшін 800 доллар бопсалаған такси қызметінің әрекеті шу болған еді. Кейін жүргізуші осы ісі үшін 5 күнге қамауға алынды.