Жазғы маусымға орай Астана қаласында ашық аспан астындағы музей жұмысын бастады
Ашық аспан астында орналасқан «Атамекен» Қазақстан картасы» этно-мемориалдық кешенінде Астана, Алматы, Шымкент секілді республикалық маңызы бар қалалар мен өзге де өңірлер шағын макеттер арқылы көрсетілген.
20 жылдан астам тарихы бар мәдени орыннан еліміздегі көрнекті ғимараттар мен өңірлердің табиғатын тамашалауға болады.
Кешен Маңғыстау өңірінен басталып, Қызылорда облысынан аяқталады.
Еліміздегі 17 облыс, 3 қала және 49 көлді тамашалауға шамамен бір сағаттай уақыт кетеді.
«Бүгін «Жанұя» отбасы институын қолдау орталығынан «Атамекен» Қазақстан картасы» этно-мемориальды кешеніне экскурсияға 100-ден аса көпбалалы отбасы, әлеуметтік аз қамтылған отбасылар және мүгедектігі бар балалар мен ата-аналар келді. Олар еліміздің сәулет өнерімен, тарихи және мәдени ескерткіштерімен танысты», - деді «Астана қаласының Бірлескен мұражайлар басшысының міндетін атқарушы Самат Тергембаев.
Экскурсоводтар қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде мәлімет береді.
Мемориалдық кешен күн сайын сағат 9:00 – 18:00 аралығында жұмыс істейді. Әр аптаның дүйсенбісі – демалыс.