Русский Сайттың толық нұсқасы

Атырау-Астрахань тас жолы 2024 жылы пайдалануға беріледі

Атырау-Астрахань тас жолы 2024 жылы пайдалануға беріледі. Бүгінгі күні күре жолдың 170 шақырымы пайдалануға берілді. Ал жыл соңына дейін қалған 107 шақырымы көлік қозғалысы үшін ашылады. Бұл туралы өңір басшысы Серік Шәпкенов Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында айтты.

Биыл мұнайлы өлке Атырау облысының жолдарын жөндеуге басымдық беріліп отыр. Қазір өңірдегі жолдың 72 пайызы қанағаттандырарлық жағдайда. Жыл соңына дейін көрсеткішті 76 процентке жеткізу көзделген. Осы мақсатта шалғай жатқан аудандар мен қала жолдарын жөндеу қолға алынған. Жергілікті халық тағатсыздана күткен Атырау-Астрахань тас жолы 2024 жылы пайдалануға беріледі.

Серік ШӘПКЕНОВ, АТЫРАУ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Атырау-Астрахань тас жолы 277 км құрайды. Оның 170 км-інде екі слойлы асфальт төселіп, жүруге мүмкіндік берілді. Енді жыл соңына дейін толық жүруге жолды ашамыз деген жоспарымыз бар. Негізінен жоба 2024 жылы аяқталады. Қалған 3-ші слойын келесі жылы салып, толығымен іске қосылады.

Облыста 18 медициналық нысан салынбақ. Оның 5-еуінің құрылысы биыл басталады. Өңірде кадр тапшылығы өзекті мәселеге айналған. Осы мақсатта мамандарды ынталандыру жұмыстары жүргізілуде.

Серік ШӘПКЕНОВ, АТЫРАУ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Облыстық бюджеттен әр маманға жәрдемақы төленеді. Қалада жұмыс істеуге келген маманға 3 млн теңгеден, ауылдық жерге барған маманға 5 млн теңге көлемінде жәрдемақы төленеді. Арнайы келген мамандар өздеріне жеңілдікпен ипотека алатын болса, оған арнайы бағдарлама жасақтадық.

Дәрігерлер 5%-бен, әрі бастапқы жарнасыз баспана алуға мүмкіндік бар. Дәрігерлерге арналған мұндай ипотекалық жеңілдік Атырауда ғана жасалып отыр.