Русский Сайттың толық нұсқасы

Астана маңында 15 гектар аймақ өртке оранды

Астана маңында құрғақ шөп жанып жатыр. Тілсіз жау 15 гектар аумақты шарпыды. Оны ауыздықтауға 33 техника мен 150-ден астам жеке құрам атсалысуда. Екі тікұшақ жұмылдырылды.

Сүндет ОРАЛБЕКОВ, ТІЛШІ:

Елорда көгін бүгін қою түтін басты. Қала маңындағы қамысты алқап өртеніп жатыр. Мұнда өрт сөндірушілер өз қызметтеріне кіріскен. Бірақ, күннің ыстығы мен қатты соққан желдің екпінінен от бағыты қайта-қайта өзгеруде.

Тілсіз жау таңғы 8-дер шамасында тұтанған. Айнала батпақ, алқапқа кіретін жол болмағандықтан өрт сөндірушілер біраз қиындыққа тап болды. Ал қызыл жалын минут сайын өрши түсуде.

Анатолий ГРИЦАЕВ, ОМАРТАШЫ:

Маған орманшылар хабарласты. Мен бірден келдім. Мұнда ара ұстаймын. Қазір не боларын білмеймін.

Қызыл жалынды ауыздықтауға 33 арнайы техника, 150-ден астам жеке құрам мен су таситын 8 көлік жұмылдырылған. Жауаптылардың айтуынша, қала маңындағы жасыл желекке өрттен келер қауіп жоқ.

Эльдор РАЙЫМБЕКОВ, АСТАНА ҚАЛАЛЫҚ ТЖД БАСҚАРМА БАСТЫҒЫ:

Арнайы біздің өрт сөндіру техникалары өрт орнына кіре алмай жатыр. Өйткені жердің жұмсақтығынан үлкен техника өте алмай жатыр. Сол себептен біздің жеке құрам қолдағы бар құралдармен сөндіру жүргізіп жатыр. Қазіргі кезде департамент бастығы, "Астана орманы" басшылығы, барлығы осында. Қазір керек тағы техника, жабдықтардың барлығы тартылып жатыр.

Қою түтін қаланы басты. Бұл астаналықтарды үрейлендірді. Әлеуметтік желіде түрлі видео тарап, жұрт дүрлігуде.

Алина ИСМАҒҰЛОВА, "ҚАЗГИДРОМЕТ" ҰЛТТЫҚ ГИДРОМЕТЕРОЛОГИЯЛЫҚ ҚЫЗМЕТІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Астана қаласында Түркістан к-сі, 2/1 мекенжайы бойынша орналасқан №7 бекеттің аумағында шекті рұқсат етілген шоғырлану көрсеткішінің асып кеткені байқалуда. Шекті рұқсат етілген шоғырлану көрсеткішінің асып кетуі Көктал шағын ауданында да байқалып отыр, онда озон бойынша 1,1 шекті рұқсат етілген шоғырлану деңгейіне дейін жеткен 19 жағдай және күкіртсутек бойынша 18 жағдай 1,3 Шекті рұқсат етілген шоғырлану деңгейіне дейін жеткені анықталды.

Қаланың қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы тұрғындарды көшеге еш себепсіз шықпауға, пәтердің терезелерін ашпауға, көшеде бетперде тағып жүруге шақырды. Әсіресе тыныс алу органдарының аурулары бар адамдарға сақтанған дұрыс.