Жасыратыны жоқ, елімізде тек такси ақысы емес, қонақүйлер мен жалпы турлардың, сондай-ақ ішкі билеттердің бағасы аспандап тұр. Қызмет көрсету сапасы мен уақытына да шағымданатындар көп. Үкімет басшысы бұдан хабардармын деді. Мұндай келеңсіз жайттар елдің имиджіне нұқсан келтіреді деген ол, әкімдіктерден бастап, жауапты министрліктің алдына нақты мақсат қойды. Еліміз 6 жылдың ішінде туризм бойынша әлемде елуінші орынға көтерілуі тиіс.
Әлихан СМАЙЫЛОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
Қазақстандық такси жүргізушісі шетелдік қонақтарды әуежайдан қонақүйге дейін 800 долларға жеткізіп салған жағдай бәрінің есінде. Мұндай келеңсіз жайттар елдің имиджіне нұқсан келтіреді. Осыған байланысты инфрақұрылымға түсетін жүктеме де ұлғаяды. Білікті кадрлар мен жоғары сервиске деген сұраныс көп. Туризм саласына тартылатын инвестициялар табысты болуы үшін әкімдіктер осындай маңызды факторларға ерекше назар аударуы тиіс.
Кем-кетік болса да, елдің табиғатына қызығатындар көп. Былтыр туризмнен түсетін салық көлемі бір жарым есеге өсіп, қазынаға 390 миллиард теңге түскен. Бұған шетелден турист тартуға арналған шаралардың да септігі бар деп есептейді Үкіметтегілер. Былтыр 27 миллиардқа 30-ға жуық инфрақұрылымдық жоба іске асырылса, биыл шамамен жарты триллион теңгеге 83 инфрақұрылымдық жоба іске асып жатыр.
Асхат ОРАЛОВ, ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРІ:
Осы жобалардың ішінде Балқаш курорттық аймағында инженерлік коммуникациялар салу, Ақтау қаласының жылы жағажайына дейін автокөлік жолының құрылысы аса маңызды болып саналады. Сонымен қатар, Үшарал және Үржар әуежайларының іске қосылуы маңызды оқиға болды, бұл әуе тасымалы мүмкіндіктерін едәуір кеңейтті. Биыл 439,3 млрд теңгеге 83 инфрақұрылымдық жоба іске асып жатыр.