Русский Сайттың толық нұсқасы

«Жеңілдетілген автонесие бағдарламасы аясында жолаушылар автобусы сатып алынады», - Марат Қарабаев

Автокөліктер үшін жеңілдетілген несие беру тоқтатылады. Енді бұл мақсатқа қаралған қаражат автобус сатып алынуға бағытталады. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев мәлімдеді.

Тамерлан жеңілдетілген автокөлік аламын деп кезекке тұрған. Алайда, қуанышы су сепкендей басылды. Себебі бағдарлама аяқтала ма деп алаңдаулы.

Тамерлан, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Мен көлік алу үшін өтініш бергеніме 1 жылдай болды. Үнемі үлгермей қаламын. Енді аяқталады дегенді естігенде көңілім түсті. Мүлдем жауып тастамайтын шығар. Осыған ұқсас бағдарлама болуы керек деп ойлаймын.

Министр негізгі басымдық автобустар мәселесі тұрғанын айтып, жедел шешу керек дейді. Айтуынша қоғамдық көліктерге күніне 9 млн 300 мың адам отырады. Сондықтан қаражатты автобустар сатып алу тиімді көрінеді.

Марат ҚАРАБАЕВ, ҚР ИНДУСТРИЯ ЖӘНЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ДАМУ МИНИСТРІ:

Жеңілдетілген автонесиеден түскен қаражатты қоғамдық көліктерді несиелендіруге қайта бағыттау мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Біз бірқатар облыста болдық, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері автопарктерді несиелендіру мәселесін көтеріп жатыр. Қостанайда қоғамдық көліктердің 90 пайызы, Талдықорған мен Оралда 70 пайызы тозған. Алда қолда бар қаржыны барынша тиімді пайдалану міндеті тұр.

Ал автосарапшылар бұл пікірмен келіспейді. Себебі халыққа қолайлы емес. Су жаңа темір тұлпар тізгіндегісі келетіндер көп. Сондықтан, керісінше, қаржыландыруды арттыру керек деп есептейді.

Диас НҰРАҚЫН, АВТОСАРАПШЫ:

4% дегенің халыққа өте тиімді. Өйткені алғашқы жарнасы жоқ оның. Ай сайын төлейтін төлемі өте аз. Алғашында бұл бағдарла ма 30 жылға бағытталған, 30 жылға арналған, 30 жыл бойы жұмыс істейді деп жарнамасын жер жарғызып министрлер таныстырып еді. Бірақ 30 емес 1 жылға жетпей бұл бағдарламаның соңы сұйырқұйымшықтанып кетті.

Қазақстанда жеңілдетілген автонесие берудің екі бағдарламасы бар. Министрлік тек біреуі қайта форматталады деп отыр.