Ел боламың десең, экраныңды түзе. «Отандық киноның дамуына жаңаша көзқарас пен тың серпін қажет». Бұл жайында Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында айтты. Киногерлер де отандық киноиндустрияны сынға алып, салада тұралаған мәселелер бар дейді.
Жыл сайын миллиондаған табыс әкелетін кино өндірістің елімізде кенжелеп тұрғаны жасырын емес. Мемлекет жыл сайын отандық саланы дамытуға миллиардтар бөледі. Десе де өзекті де өткір мәселелер әлі бар. Оның бірқатарын құрылтайда Азамат Сатыбалды атап айтты.
Азамат САТЫБАЛДЫ, АКТЕР:
Бір ғана бағытта, коммерциялық кинолар түсіріп жатырмыз. Комедия жанрында ғана. Біз бәрін түсінеміз, кинотеатрлардың бәрі жеке адамдарың қолында. Олар да налог төлеу керек, олар да бизнесін жасау керек. Енді менің ұсынысым – альтернативті түрде коммерциялық бағыттағы киноларды жекеменшік кинотеатрлар көрсете берсін, ал біз мемлекет тарапынан неге әрбір облысқа кинотеатрлар салмаймыз?
Қазір кинотеатр иелері отандық фильмдерді экраннан көрсету үшін қомақты қаржы талап етеді. Бұған қоса, киногерлер фильмді нақты қанша адам көргенін анықтай алмайды.
Бауыржан ШӨКЕНОВ, ҰЛТТЫҚ КИНОНЫ ҚОЛДАУ МЕМЛЕКЕТТІК ОРТАЛЫҒЫ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Құрылтайдағы киноиндустрияға қатысты айтылған мәселелер дер кезінде көтерілді деп ойлаймын. Киноиндустрия экономиканың бөлек секторы болып саналғанда ғана, бұл саладағы мәселелер өз шешімін таппақ. Кинотеатрлар контенттен ақша табуға тырысады. Ал киногерлер ақшаларын қайтарып алуға тырысады. Мұның бәрі нарыққа байланысты. Бізде кинотеатрлардың саны аз. Кинокөрсетілім бойынша бәсекелестік жоқ.
Қазақ киносының алтын қорына айналған «Қыз Жібек», «Отырардың күйреуі», «Атаманның ақыры» сияқты классикалық фильмдерді жұрт сағынған сияқты. Мол қаражат, заманауи компьютерлік графикасыз да бұл туындылар халықтың жүрегінен ойып тұрып орын алды.
БЛИЦ-САУАЛНАМА:
- Киноиндустрияны дамытуда жетіспеушілік – ол шеберлік. Яғни, жастарды қолдау керек. Өйткені, көне фильмдердің тәрбиесінде өскен жасөспірімдердің бойында тәрбие бар.
- Соңғы жылдары жақсы фильмдер аз болса да, шығып жатыр. Жастарды, жаңа буынды көптеп көргіміз келеді.
- Бұрын отандық фильмдердің техникалық сапасы нашар болатын. Біртіндеп жақсарып жатыр деуге болады. Отандық фильмдерге сирек барамын. Билеттер бағасы да шарықтап кетті ғой.
Кинорежиссер Рүстем Әбдірашев «қазақ киносының болашағы зор» деп сенеді. Мәселен, «Қазақ хандығы» жобасы 50-ге жуық мемлекетке таралып, бірнеше тілге аударылған. Режиссердің айтуынша, тарихи туындыны дүниеге әкелудің өз қиындықтары бар. Бұл күрделі әрі қиын шаруа-дейді.
Рүстем ӘБДІРАШЕВ, КИНОРЕЖИССЕР:
Кезінде «Қыз Жібектер» дүниеге келгенде, Асанәлі ағаларымызды тыңдаған кезде ол фильмдер де өз уақытысында көп сынға түскен. Халық бірден қабылдай қоймаған. 30 жылдың ішінде біраз кинолар түсірілді. Енді ғана қадам жасап келе жатқан егеменді киномыздың әрбір қадамына қолдау қажет деп ойлаймын.
Әлемге әйгілі режисер Тимур Бекмамбетов кино саласында кадр тапшылығы бар дейді. Басты себеп – мамандардың цифрлық дағдыларының болмауы. Мәселені шешу үшін ол цифрлық әлем мамандықтарына қайта даярлау жобасын бастады.
Тимур БЕКМАМБЕТОВ, КИНОРЕЖИССЕР, ПРОДЮСЕР:
Біз үміткерлерді таңдап, 4 ай ішінде стипендия төлейміз және цифрлық әлемде жұмыс істеу үшін қажет компьютерлік бағдарламаларды оқытамыз. Мысалы, актер мультипликациялық фильмдер түсіре алатын керемет аниматор болып шығуы мүмкін. Қазақстанда да ел азаматтарының мәдениет, контент объектілерін құру жөніндегі ірі жаһандық халықаралық жобаларға қатыса алатындай серіктестер болады деп сенемін.
Президент киноға барған көрермен санын есептейтін цифрлық жүйе енгізуді тапсырды. Мамандар мұндай бағдарлама бірнеше жыл бұрын қолға алынғанын айтады. Көп ұзамай ол толығымен іске аспақ.