Русский Сайттың толық нұсқасы

Депутат қарасораны медициналық мақсатта пайдалануды ұсынды

  • AstanaTV
  • 22 маусым 2023
  • 914

Сенатор Бекболат Орынбеков өзінің депутаттық сауалында еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі есірткі затының кеңінен таралу проблемасын көтерді.

Депутаттың айтуынша, Шу алқабында 140 мың гектар жерде жабайы қарасора өседі. Табыстың жоқтығынан жастар осы өсімдіктен өндірілетін есірткі заттарын таратуда. Сенатор сонымен қатар шетелден келетін синтетикалық есірткінің жылдам таралып жатқанын айтты.

«Денсаулық сақтау министрлігінің деректері бойынша есепте тұрған есірткіге тәуелді 18 136 адам бар. Ішкі істер органдары биылғы 5 айдың қорытындысы бойынша 1 072 есірткі қылмысын анықтады. Оған қоса аса ірі мөлшерде есірткі заттарын сақтаудың 203 фактісі анықталды. Жалпы күш-жігермен есірткі қылмысының алдын алу мәселесі мүлдем басқа деңгейге көтеріліп, аймақтағы және жалпы республикадағы есірткі жағдайын түбегейлі түзетуге тиіс», - деді Б. Орынбеков.

Сенатордың пікірінше, осы өсімдікті арнайы мақсатта пайдалану арқылы далада өсетін қарасора мәселесін шешуге болар еді. Депутат ол үшін бірнеше ұсыныс айтты.

«Қолданыстағы тәжірибені ескере отырып, заңнаманы зерделеу, олқылықтарды анықтау және оларды жою бойынша ұсыныстар енгізу керек. Өнеркәсіптік немесе медициналық мақсаттарда өсімдік шикізатын қайта өңдеу бойынша, оның ішінде «Тараз Химпаркі» арнайы экономикалық аймағында озық технологияны енгізу арқылы өндірістер кешенін жасау керек. «Қазақстан-Ғарыш сапары» технологиясын пайдалана отырып, оның шоғырлану ошақтарының картасын жасап, жабайы өсетін қарасораның өсу алаңын зерттеу керек», - деді сенатор.