Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстан мен Әзербайжан өзара сауда көлемін $1 млрд-қа дейін жеткізуді жоспарлап отыр

  • AstanaTV
  • 22 маусым 2023
  • 1007

Қазақстан Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Әзербайжанға ресми сапары барысында осы елдің Президенті Ильхам Әлиевпен кездесті.

Үкімет басшысы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ыстық сәлемін жеткізіп, әзербайжан халқының Жалпыұлттық көшбасшысы Гейдар Әлиевтің биыл аталып өтілетін 100 жылдық мерейтойының маңызы зор екенін айтты.

Ол екі ел арасындағы қарым-қатынастар сенім мен өзара түсіністікке негізделген стратегиялық әріптестік пен одақтастықтың жарқын үлгісі екенін атап өтті. Әзербайжан – Қазақстанның Оңтүстік Кавказдағы ең маңызды сауда-экономикалық серіктесі. Өткен жылдың қорытындысы бойынша екіжақты тауар айналымы 40%-ға өсіп, $460 млн-нан асты. Биылғы 4 айдың қорытындысына сәйкес өзара сауда айналымы $185 млн-ды құрап, 40%-ға артты.

«Тауар айналымын $1 млрд-қа жеткізу жөніндегі алдымызға қойылған міндетке сәйкес, біз Әзербайжан Үкіметімен бірлесіп, сауда-экономикалық қарым-қатынастарды кеңейту бойынша жұмыс істеп жатырмыз», — деді Әлихан Смайылов.

Өз тарапынан Ильхам Әлиев ҚР Премьер-Министрінің Әзербайжанға ресми сапары екі ел арасындағы достық қарым-қатынасты одан әрі дамытуға ықпал ететініне сенім білдірді.

«Біздің ынтымақтастығымыздың күн тәртібі өте ауқымды, ол жылдан жылға кеңейіп келеді. Президенттер деңгейінде қабылданған келісімдердің жүзеге асырылып жатқанына қуаныштымын. Бұл екі ел арасындағы қарым-қатынастың өте жоғары деңгейде екенін көрсетеді. Сонымен қатар оларды әрі қарай дамыту үшін бізде орасан зор әлеует бар. Біз келіскен шараларды іске асыру тауар айналымының ұлғаюына ықпал етіп, энергетика, көлік және басқа салаларда бұдан да ауқымды жобаларды жүзеге асыру үшін бизнеске қосымша мүмкіндіктер жасайды», — деді Ильхам Әлиев.