Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылорда облысында 21 адам қарбыздан ұшынды

Қызылордада жаз басталғалы 21 адам қарбыздан ұшынып, ауруханаға түскен. Мамандар «қазір қарбыз жеу қауіпті» деп дабыл қағуда. Өйткені, құрамындағы нитрат мөлшері жоғары өнімнен уланып қалуыңыз мүмкін. Тілшіміз санитария орталығына барып, бұған өзі көз жеткізді.

Қыс мезгілінде ең көп таралатын дерт тұмау болса, жазғы маусымда жіті ішек инфекциясы жиі тіркеледі. Бұл- ерте піскен бақша өнімдері, оның ішінде қарбыздан келетін қауіп. Себебі, шаруалар мол табысқа кенелу үшін өнімнің ерте пісуіне әсер ететін түрлі химикаттар қосады. Ал, бұл адам ағзасына айтарлықтай зиян.

Меруерт БИДАСОВА, ОБЛЫСТЫҚ САНИТАРЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Көрсеқызарлықпен жегеннің соңы аурумен аяқталды. Мамандар, бұл уақытта сауда сөрелерінде пайда болған қарбыздардың өте қауіпті екенін ескертеді. Бірақ, оған құлақ асып жатқандар аз.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Жеп көрдік, дәмі онша емес бірақ. Шымкент жақта енді піседі, енді келеді бұдан кейін.

- Жеп көрдім, дәмі онша ұнаған жоқ.

- Қатты дәмді емес, дәмі жоқ, іші қатты не емес. Еще бағасы да көтеріңкі.

- Жеп көрдім, иә. Дәмі онша емес. Енді енді басталды ғо дарбыз.

Қарбызда тәтті дәмнің болмауы- нитраттың бар екенін аңғартатын бірден бір белгі. Біз де сатылымда тұрған қарбыздың бірін алып, оны тексеру үшін арнайы зертханаға апардық. Сынама нәтижесі қандай?

Айнұр СЕРІКҚАНҚЫЗЫ, ЗЕРТХАНА МАМАНЫ:

Бұл қарбызда консистенциясы өте әлсіреген, соғылған деп те айтуға болады, ішіндегі жаңағы жеуге жарамды жерлерінің көбі зиян келтірілген. Іштің өтуі, бастың айналуы, адамммннның құсуы... жаңағыдай осы белгі, яғни, адамның организміне көп мөлшерде нитраттың қабылданғанын байқауға болады.

Ал, жыл он екі ай саудасы қыз-қыз қайнайтын алыпсатарлардың бірінен санитария туралы сұрап едік, жауабы:

САТУШЫ:

- Қарбыз Шардарадан, Шымкенттен келеді. Қарбыз уже 1,5 ай болды келіп жатқанына. Санитарник болған кезде например біреу барып сатып алад, сол тексеріп өзі алып келед мұнда. Мына жақта біз тексеріп қабылдап аламыз ғо.

- Қазір бар ма ол құжаттарыңыз қолыңызда?

- Бізде жоқ, оптомда бар.

Мамандардың айтуынша, сатып алу кезінде қарбыздың тұтастығына назар аударған жөн. Сондай-ақ, ішкі бөлігін көру үшін кестірген де дұрыс емес. Гигиеналық талаптарды сақтаудың маңызды екенін ескертеді. Дәрінің күшімен емес, өз уақытымен піскен өнім шілденің соңында келеді.