Русский Сайттың толық нұсқасы

Павлодар облысында 3 жыл бұрын ғана жөнделген мәдениет үйінің төбесі құлап кетті

Павлодар облысында 3 жыл бұрын ғана жөнделген мәдениет үйінің төбесі құлап кетті. Оқиға түнгі уақытта болғандықтан, ғимаратта күзетшіден басқа ешкім болмаған. Ал мәдениет ошағының екінші бір бөлігі де құлаудың аз-ақ алдында тұр. Мәселенің мән-жайын тілшіміз Өзгеріс Қуанар біліп келді.

Бұл – Май ауданына қарасты Кеңтүбек ауылының мәдениет үйі. Ғимарат өткен ғасырдың 60-шы жылдары салынған. Осыдан 3 жыл бұрын 7 млн-ға орташа жөндеу жасалыныпты. Алайда, өткен қыста төбесі опырылып ортасына түсті.

Амангелді САҒАЙ, КЕҢТҮБЕК АУЫЛДЫҚ КЛУБЫНЫҢ ӘДІСКЕРІ:

Кешкілік уақытта шытырлап толығымен кете бастады. Сол кезде барлық жұмыскерлер сыртқа шығып, төбенің қандай жағдайда екенін аудандыққа хабарладық. Тағы бестің кезінде күзетші мәдениет үйінде болған. Ол кісі таңғы бесте маған хабар берді. Біздің фойенің төбесімен толығымен құлады деп.

Мәдениет ошағы былтырдан бері жабық тұр. Өйткені, концерттік залдың да төбесі құлауы мүмкін. Ал тұрғындар ғимаратты тезірек қалпына келтіріп беруін сұрайды.

Бекмұхамбет БАЯНБАЕВ, КЕҢТҮБЕК АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Мәдениет үйіміз жап-жақсы істеп тұрған. Қыста төбесі түсіп қалып, ештеңе шара өткізе алмай жабылып қалды. Жазда анда мында өткізе береді. Қыста керек нәрсе ғой. Соны жақсылап бір жөндеп берсеңіздер.

Ал Жаңатілек ауылының халқы да мәдениет ошағына зар болып отыр. 10 жыл бұрын ғана ашылған нысан жабылып қалған.

Мұрат МҰХИТОВ, ЖАҢАТІЛЕК АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

2020-да жауып тастады. Содан бері міне бұзылуға айналды. Осыны бізге қалыпына келтіріп берсе дейміз. Балалар бар өсіп келе жатқан ауылда.

Кеңтүбектегі мәдениет үйін жөндеген мердігерді әкімдік сотқа берді. Өйткені, ол нысанды қалпына келтіруден бас тартыпты. Қазір іс сотта қаралып жатыр.

Ағыбай ӘМІРИН, МАЙ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:

Соттың бүгінгі таңда бізге бірген талабы түскен төбенің шығыны сіздер есептеп беріңдер дейді. Егерде біздің талап арызымызды қолдап жатса, қанша қайтару керек деген сияқты. Біз айттық не жөндеп беріңдер. Не ақшасын қайтып берсін деген мәселе қойып отырмыз.

Жаңатілек ауылындағы мәдениет үйі халық санының аздығы байланысты жабылып қалған. Аудан атқамінерлері ғимаратты қайтадан ашу тиімсіз екенін айтады.