Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін ипотекалық бағдарламаның талаптарын қайта қарау қажет. Дәулет Мұқаев осылай деп депутаттық сауал жолдады. Елімізде ерекше қажеттілігі бар 711 мың адам тұрады. Мемлекет тарапынан баспана алуға арналған арнайы бағдарламалар қабылданғанымен іс жүзінде мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қол жетімсіз болып отыр. Депутат олардың жұмыспен қамтылмауы, сәйкесінше екінші деңгейлі банкке төлем қабілеттілігін растай алмайды дейді.
Дәулет МҰҚАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:
Ипотека рәсімдеуде жеңілдетілген ұсынымдар енгізілуі керек. Табыс көзін растағанда зейнетақы аударымдары емес, екінші деңгейлі банктердегі соңғы 6 айдағы түсімдердің жиынтығын көрсетсе жеткілікті деп санаймын. Екінші деңгейлі банктердің мүмкіндігі шектеулі азаматтарымызға тәуекелі жоғары топ ретінде қарамау мәселесіне ерекше назар аудару қажет. Инклюзивті қоғам құруда бұл өзекті мәселе болып қала бермек.
Ал, депутат Нұргүл Тау отбасы институтын нығайту қажеттігін көтерді. Оның сөзінше, соңғы жылдары елімізде ажырасу мен отбасындағы зорлық-зомбылық фактілері жиілеген. Бұл алаңдатарлық жағдай. Депутаттың айтуынша, елімізде бұл мәселелермен тікелей айналысатын орган жоқ. Ал шетелде жекелеген мемлекеттік органдар айналысады.
Нұргүл ТАУ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:
Жоғарыда айтылғандардың негізінде, осы сала бойынша жұмыс істейтін министрліктердің функцияларын біріктіріп, жаңа институционалдық негіз–Отбасы, әйелдер, балалар мен жастар істері жөніндегі агенттік құру мәселесін қарауға ұсыныс береміз