Елорда аумағында құрбандық шалуға арналған бес орын белгіленді. Бұл туралы Дін істері жөніндегі басқарманың басшысы Нұрдәулет Әлмұханов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«2023 жылы Құрбан айт мерекесі 28-30 маусым аралығында өтеді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ақпаратына сәйкес, қала мешіттерінде 28 маусым күні сағат 6:00-де Айт намазы оқылады. Қала тұрғындарына тиісті жағдай жасау мақсатында қаладағы қоғамдық көліктер таңғы сағат 5:00-ден бастап жүреді», - деді Н. Әлмұханов Астана қаласының коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, елорда аумағында құрбандық шалуға арналған бес орын бар.
Астана қаласында бекітілген орындарда құрбандық шалу сағат 8:00-ден 18.00-ге дейін жүзеге асырылады.
Орналасқан мекенжайлары:
1.«Байқоңыр» ауданы: 1. «Жайлау» базары, Алаш тас жолы, С 313 көшесі («Шарын» базарының арты);
2. «Шанхай» базары, Алаш шоссесі, 34/6 («Көк базар» базарының арты);
3. «Шопан ата» базары, («Рубиком» және Әмір базарының ортасы);
4. «Баракат» базары, А 369 көшесі, №10 ғимарат.
5. «Сарыарқа» ауданы: «Ұлжан» әмбебап базары, Н. Тілендиев көшесі, 24 (бұрынғы «Саянұр» базары).
Халықтың құрбандық шалу және өзге де өзекті мәселелер бойынша сұрақтарына тәулік бойы «109» Call-орталығы жауап береді.
Астана қаласының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті Құрбан айт кезінде қала аумағында санитарлық бақылау мен қадағалауды күшейтеді. Бөлінген мал сою пунктерінде санитариялық талаптардың сақталуын санитариялық және ветеринариялық қызмет мамандары қамтамасыз етеді.