Қызылорда
облысында тағы бір тарихи жәдігер табылды. Шіркейлі ауылының аумағынан ғалымдар
ескі қаланың орны мен бірнеше қабаттан тұратын екі үлкен бекіністі ашты. Табылған
дүниелерді археологтар Жетіасар мәдениетіне тиесілі деп отыр.
Жоғарғы қабаты
9-шы 10-шы ғасырды сипаттаса, төменгі қабат 7-ші ғасыр мәдениетін көрсетеді.
Кеңінен керамикалық ыдыстар қолданған шаһарда оғызға, түркілер дәуіріне,
қаңлыға жататын жәдігерлер шыққан. Үлкен ғимараттың орнынан шамамен шамандар
дәуіріне тиесілі сүйектен жасалған бойтұмар қалдықтары да табылған. Алып шаһар
дуалмен қоршалыпты. Бізге сақталған дуалдың биіктігі төрт метрді көрсетіп тұр.
Әзілхан
Тажекеев, Қорқыт
Ата атындағы ҚМУ археология және этнография ғылыми зерттеу орталығының
жетекшісі:
Бір
таңғаларлығы, бұл үйлерді сәулет өнерінен хабары бар адамдардың салғандығы
көрінеді. Үйдің қабырғаларының бірдей болуы, кірпіштердің қалануы, бөлмелердің
өлшемдерінің бірдей болуы, есіктерінің төбесі ағаш бөренелермен жабылуы осы
жерде қоныстанған халықтың қала құрылысы мәдениетінен жақсы хабары бар екенін
көрсетеді.
Ғалымдардың
айтуынша, Жетіасар мәдениеті тұсында өмір сүрген халықтың гені әлі күнге дейін
анықталмаған. Осы күнге дейінгі зерттеулер Жетіасар шатқалындағы қалалар
VII-VIII ғасырларда өмір сүруін тоқтатты
деп пайымдауға негіз болған. Ал жаңа деректер Ескідариялық арнаның
Сырдарияға жақын жерде қала мәдениетінің
жалғасын тапқандығына көз жеткізуге мүмкіндік беріпті.
Жалпы Қызылорда
облысында бүкіл әлемге әйгілі тарихи ескі қалалар орналасқан. Сақ көсемдерінің
астанасы саналған Шірік-Рабат қаласы, оғыздардың мекені - Жанкент және қыпшақ
империясының астанасы - Сығанақ қаласы. XV ғасырда Сығанақ қазақ хандығының
астанасы болғаны белгілі.
Шарипа САҚТАПОВА