Русский Сайттың толық нұсқасы

Ипотекалық қарыздарын төлей алмағандарға жеңілдіктер қарастырылды

  • AstanaTV
  • 17 қазан 2016
  • 2262

Ипотекалық қарыздарын төлей алмаған жалғыз баспанасы бар әлеуметтік әлжуаз топтарға жеңілдіктер қарастырылды. Бұл туралы Мәжілісте салық салу және кедендік әкімшілендіру туралы заң жобасын таныстырған Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев мәлімдеді. Ұлттық банктің «қайта қаржыландыру» бағдарламасы аясында олар жеке табыс салығынан босатылады.

Қуандық Бишімбаев, ҚР Ұлттық экономика министрі:

Бағдарламаның барлық қатысушыларының банк кешірген сомасына жеке табыс салығы салынбайды. Егер адам банктен бір кезде ақша алып, банк оған ол соманы кешірсе, салықтық тұрғыдан ол табыс деп саналады. Ал табысқа салық салынуы керек. Бір жағынан біз жеңілдік береміз де, екінші жағынан салық салатын боламыз. Міне, осындай жағдайды болдырмас үшін, банкте қарызы кешірілген адамдардың сол кешірілген сомасына жеке табыс салығын салмаймыз. Ондай борышкер азаматтардың қарызын кешірген банктердің де салыққа жататын табыстарын одан босатамыз.

Заң жобасында алкоголь және темекі өнімдерінің акциздерін жаңа жылдан бастап біртіндеп көтеру қаралған. Сөйтіп алкоголь өнімінің бір литрі үшін акциз қазіргі 1380 теңгеден 2019 жылы 2550 теңгеге дейін қымбаттайды. Үстіміздегі жылғы бағамен салыстырғанда 85 пайызға артады. Сыра сусындарының акцизі қазіргі 26 теңгеден 57 теңгеге дейін қымбаттайды. Ал темекі бұйымдарының акцизі бір мың дана үшін қазіргі 5000-нан 8700 теңгеге дейін артады. Өсім 74 пайыз.