Русский Сайттың толық нұсқасы

"1 граммы 20 000 теңге": Әлеуметтік желілерде есірткі жарнамасы емін-еркін таралып жүр

  • AstanaTV
  • 30 маусым 2023
  • 1057

Әлеуметтік желілерде есірткі жарнамалары еркін таралып жүр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Желі қолданушылардың бірі Instagram желісінде таргет жарнамасы арқылы сілтемеге өтіп, мефедрон сататын топқа тап болған. Сілтеме Telegram топқа бағыттайды. Топқа мыңнан аса адам тіркелген. Желі қолданушысы мұның емін-еркін әлеуметтік желілерде таралып жүргеніне наразы. Ол жасөспірімдерге де осы жарнама шығып, оларды адастыратынына алаңдаулы.

Байқауымызша, есірткі сатушылар мұны Астана қаласы бойынша жеткізеді. Топта мефедрон түрлерінің бағалары көрсетілген. Тұрақты клиенттер өз лебіздері мен пікірлерін де жазады екен. 

Топта көрсетілген баға:

0,5 грамм – 12 500 теңге,

1 грамм – 20 000 теңге,

2 грамм – 38 000 теңге

Сонымен қатар, OLX платформаларында да есірткі тасымалдайтын курьерлерді жұмысқа қабылдау туралы хабарландырулар көбейіп кеткен. Олар самокат жөндеуші, пейнтбол клубының қызметкері деп жалған хабарландыру ұсынады. Айына 340 мыңнан 500 мыңға дейін, аптасына 270 мың теңге деп жоғары жалақыны уәде етіп, қызықтырады. Кейін олар қарапайым қызметкер емес, есірткілерді тасымалдап, жасырын жерлерге қойып қою керегін түсіндіреді.

Stan.kz тілшісі Ішкі істер министрлігіне сауал тастап, желідегі есірткі саудасымен қалай күресетінін және осындай жарнама мен хабарламаға тап болғанда, қалай әрекет ету керегін сұрап білді.

ІІМ баспасөз қызметі есірткідиллерлері әлеуметтік желіні өздерінің заңсыз бизнесіне жиі қолданатынын айтты. Мәлімдеуінше, биыл осындай 2300 астам құқыққа қайшы интернет ресурс анықталған. Ішкі істер министрілігі тұрақты негізде есірткі тарату туралы ақпараты бар сайтарды, постстармен жарнамалық хабараландыруларды анықтау мақсатында ғаламтор кеңістігіне мониторинг жасап отыратынын айтты.

“Анықталған ресурстар республика аумағында оның трансляциясын бұғаттау бойынша шешім қабылдау үшін Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне жолданады. Бұған қоса, есірткі жарнамасы фактілері бойынша 25 қылмыстық іс және есірткіні интернет арқылы сату фактілері бойынша 165 дерек тіркелді”, – деп мәлімдеді ІІМ.

Осындай сайттар мен хабарландырулар көзге түскен жағдайда жақын маңдағы полиция учаскесіне немесе облыстық полиция департаментінің ресми сайтында көрсетілген Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармаларының сенім телефондарына хабарласу қажет.

Қылмыстық кодекстің 297-бабы “Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу” бойынша мүлiк тәркiленiп, бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айырылады.