Русский Сайттың толық нұсқасы

Алаяқтарға ешқандай жеңілдік жасалмауы керек – Тоқаев

  • AstanaTV
  • 30 маусым 2023
  • 858

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрлігінің алқа мәжілісінде бүгін қоғамда өзекті болып тұрған тағы бір мәселеге тоқталды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Мемлекет басшысы қазір көптеген азаматтарымыз алаяқтардың айласына түсіп, алданып қалып жатқанын айтты.

"Сондықтан құқық қорғау органдары алаяқтарға қарсы табанды күрес жүргізуге тиіс. Оларға ешқандай жеңілдік жасалмауы керек. Себебі алаяқтардың жасаған әрекетінен халық зардап шегіп отыр. Мысалы, жақында бір туристік компания заңға бағынатын бір топ азаматты алдап, оларды қажылыққа жіберген. Енді, кінәсіз адамдар Сауд Арабиясының полиция учаскесінде қамауда отыруға мәжбүр. Осындай алаяқ компанияның заңға қайшы әрекеті азаматтарымыздың денсаулығына, олардың моральдық жағдайына және жалпы еліміздің беделіне үлкен нұқсан келтіріп отыр. Бұл жерде, әрине, адамдардың құқықтық сауатсыздығы да бар", - деді президент.

Тоқаевтың сөзінше, енді мемлекетіміз, яғни Сыртқы істер министрлігі оларға барынша көмектесуі қажет.

"Ал Ішкі істер министрлігі алаяқ компанияның басшылығын, қызметкерлерін заңға сәйкес жауапқа тартуға тиіс. Әділетті қоғам құрамыз десек, дәл осындай өзекті мәселелерді шешуіміз керек",-деді Президент.