Русский Сайттың толық нұсқасы

1 шілдеден бастап коммуналдық қызмет қымбаттайды

  • AstanaTV
  • 30 маусым 2023
  • 927

Алматыда 1 шілдеден бастап коммуналдық қызмет тарифі қымбаттайды. Енді тұрғындар суға 150 теңге, жарыққа 450, ал бір бөлмелі пәтерді жылыту үшін 1000 теңге артығымен төлейтін болады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "КТК" телеарнасына сілтеме жасап. 

Телеарна мәліметінше, жылу желілерінің 57 пайызы және электр желілерінің 97 пайызы ескірген. Ал әкімдік өкілдері оны жаңалаудың жалғыз жолы ретінде тарифті көтеру деп шешкен.

"Тарифті инвестицияға айырбастау бағдарламаны орындау шеңберінде тарифтер өзгертілді. Жылумен жабдықтау саласында 20 пайызға өсті, электр энергиясымен жабықтау 11 пайызға өскен", - деді Табиғи монополияларды реттеу комитеті Алматы қаласы бойынша департаментінің басшысы Әсел Бөденеева. 

Енді келесі айдан бастап тұрғындар жарыққа 450 теңге артығымен төлейтін болады. Ал бір бөлмелі пәтерді жылыту үшін 1000 теңге болса, 3 бөлмеліге 2400 теңге көбірек кетеді. 

"1 шілдеден бастап Алматы тұрғындарына 1 шаршы метрге, яғни мың литрге судың бағасы 55 теңге 20 тиын болады. Қазіргі баға - 48 теңге. Яғни 7 теңгеге тариф өседі. Кәріз қызметінің тарифі - 29 теңге 74 тиын. Құбырларды ауыстыру ол біздің алматы тұрғындарына сапалы суды үздіксіз беру және аварияның көлемін қысқарту", - деді "Алматы су" МКК ресми өкілі Серік Шәгіров. 

Бұл баға тек тұрғындар үшін. Заңды тұлғаларға 1 шілдеден бастап судың тарифі 69 пайызға, кәріз тарифтері 89 пайызға қымбаттайды. Экономистердің айтуынша, бұл баға әлі де тоқтамай өсуі мүмкін.

"Билік бағаны бірден көтермеу керегін түсінді. Газ бен жанармайдың бағасын жай білдіртпей көтеріп жатқандай, енді ақырындап коммуналдық қызмет тарифтері де қымбаттай береді. Су мен жарық тарифінің өсуі басқа бағаға да әсер ететіні сөзсіз. Кәсіпкердің көбі қызмет көрсету құнын өсіреміз деп қазірден-ақ дайын отыр", - деді экономист Андрей Чеботарев.