Әлеуметтік желіде полицияға қатысты түрлі бейнежазба көп. Кейбіреулер құзырлыларға әдейі тиісіп, арандатады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрлігінің алқа мәжілісінде осылай деді. Мемлекет басшысы мұндай жағдайда ұстамдылық танытып, дөрекілікке жол бермеу маңызды екенін айтты. Сонда ғана тәртіп сақшысы мен халық арасында мызғымас байланыс орнайды. Келелі жиында тағы қандай өзекті мәселелер талқыланды? Тақырыпты Аружан Задабек тарқатады.
Президенттің сөзінде жан бар. Қазір желіні ашып қалсаң, полицейлер туралы видео жарқ ете қалады. Халық құзырлыларға құдды бір емтихан алып жатқандай сұрақ жаудырады. Әрине, қызметкер заңға бағынатын адамға құрметпен қарау керек. Ілтипат танытып, сауалына заң тұрғысында жауап беру маңызды. Оны Мемлекет басшысы да айтты. Сонда ғана азаматтардың полицияға деген сенімі арта түспек.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Адамды азаптауға, қинауға, тыйым салынған тергеу тәсілдерін қолдануға мүлдем жол берілмейді. Әрбір тәртіп сақшысы мұны жете түсінуге тиіс. Күнделікті жұмыста осы талаптар сақталса, азаматтардың полицияға деген сенімі артады. Әрине, қоғам тарапынан да құрмет болуы керек. Халықтың түсінігінде полиция азаматтарды қорғаушы, қолдаушы, қылмыстың алдын алушы, заңның орындалуын қадағалаушы болуға тиіс.
Иә, қандай жағдай болмасын бірінші полиция қызметкерінің көмегіне жүгінетініміз анық. Мойындау керек, арамызда өз құқығын қорғай алмайтын тұрғындар бар. Мәселен, жақында бір туристік компания адамдарды алдап, қажылыққа жіберді. Естіген боларсыз. Алаяқтарға алданған халық Сауд Арабияда қамауға алынды. Мұндай жағдай еліміздің беделіне нұқсан келтірері анық. Осындай олқылық қайталанбас үшін азаматтардың құқықтық сауатын арттыру қажет.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Қазір көптеген азаматтарымыз алаяқтардың айласына түсіп, алданып қалып жатыр. Сондықтан құқық қорғау органдары алаяқтарға қарсы табанды күрес жүргізуге тиіс. Оларға ешқандай жеңілдік жасалмауы керек. Себебі алаяқтардың жасаған әрекетінен халық зардап шегуде.
Соңғы екі жарым жылда үйдегі зорлық-зомбылықтан зардап шеккен 300 адам көз жұмды. 37 мың тұрғын әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Статистика көңіл көншітпейді. Енді жағдайды түзеу үшін алдын алу шараларын кешенді түрде жүргізу қажет дейді Президент.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Бұл жерде учаскелік инспекторлар шешуші рөл атқарады. Уақтылы шаралар қабылданса, отбасылық және тұрмыстық ұрыс-керіс кезінде жасалған қылмыстардың көпшілігінің алдын алуға болар еді. Яғни біреудің өмірі мен денсаулығын сақтап қалар едік. Мұны тәжірибе көрсетті. Қоғам сіздерден отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы тиімді әрі жүйелі іс-әрекет күтеді.
Қазір полицей қызметкерлеріне келіп түсетін осындай арыз-шағым көп. Бұл құқық қорғау жүйесінің тиісті деңгейде жұмыс істемейтінін көрсетеді. Салдарынан, бір мекеменің табалдырығын тоздырып, шындыққа қол жеткізе алмай жүрген жандарды жиі кездестіреміз. Осыны ескерген Мемлекет басшысы тәртіп сақшыларына жылдам әрі кәсіби түрде әрекет етуді тапсырды.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Бүгінде азаматтарымыз өздерінің заңды құқықтарын, конституциялық бостандықтарын және жеке меншігін қорғау үшін мемлекетке жүгінеді. Олар қиын жағдайға тап болғанда билік өкілдері әділдікті тез арада қайта орнатады, кінәлілерді жауапқа тартады және шығынды өтеуге көмектеседі деп үміттенеді. Сондықтан арыз-шағымдарды барынша жылдам әрі кәсіби түрде қарастырып, әрекет ету қажет.
Қалай десек те, тәртіп сақшыларының қызметі оңай емес. Қауып пен қатердің арасында күн-түн демей жұмыс істейді. Сақадай сай болуды талап ететін мамандық иесіне қажыр-қайрат пен төзімділік қажет. Өйткені қиын жағдайға тап болған адам бірінші полицейден көмек сұрайды. Мұның өзі құзырлыларға артылған жауапкершілік жүгі ауыр екенін көрсетеді.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Офицерлердің арасында кәсіби білікті, антына адал азаматтар көп. Сондай қызметкерлер өзгелерге, әсіресе, жастарға үлгі-өнеге көрсетуде. Осындай үздік қызметкерлерді қолдау қажет. Ерлік көрсеткен офицер, сержанттар туралы жұрт білуге тиіс. Бұл – біздің тиісті министрліктің және жалпы бұқаралық ақпарат құралдарының міндеті. Өздеріңізге мәлім, мемлекет ішкі істер органдарының жұмысын әрдайым жоғары бағалайды.
Жүгі ауыр мамандық иелеріне мемлекет тарапынан да қолдау көрсетіліп келеді. Жалақы өсті, тұрғын үй төлемін алатын қызметкерлер көбейді. Қазір олардың саны 38 мыңнан асады. Материалдық-техникалық базаны нығайту үшін жыл сайын қомақты қаржы да бөлініп отыр. Бұдан кейін де ішкі істер органдарына қолдау көрсетіле береді. Өйткені қоғам тәртібін сақтайтын азаматтарға қандай да болсын сый лайық. Не дегенімен, темірдей тәртіп – тұрақтылық пен тыныштықтың кепілі.