Өткен бір аптада ел өңірлерінде 8 бала терезеден құлап кетті.
Министрлік мәліметінше, балалардың биіктіктен құлау жағдайлары ата-ананың қадағаламауынан болады.
«Статистика көрсеткендей, жыл сайын күн жылына бастағаннан кейін балалардың терезеден құлауы сияқты жазатайым оқиғалардың артуы байқалады. Бұл жағдайда ең үлкен қауіп – терезелерге орнатылған москит торлары.
Өткен аптада ғана елімізде 8 жағдай болды, оның ішінде Астана қаласында 1 үш жасар сәби 17-қабаттан құлап, қаза болды.
Терезеден құлаған кезде балалар ұзақ мерзімді емдеу мен қалпына келтіруді қажет ететін ауыр жарақат алатынын атап өткіміз келеді. Ал кейбір жағдайларда бала мүгедек болып қалады, көбінесе оқиға орнында немесе ауруханаға барар жолда көз жұмады», - деп ескертті министрліктен.
Жазатайым оқиғалардың алдын алу жолдары:
- бала терезені өз бетінше ашуына мүмкіндік бермейтіндей бұғаттауыштар орнату;
- терезенің жанына жиһаз қоймаңыз;
- терезеде тиісті қорғау құралдары орнатылмаса, москит торларын қоймаңыз (бала москит торына сүйеніп, құлап кетеді, ол баланың салмағына есептелмеген);
- баланы ересектердің қарауынсыз, терезелері ашық жерде, сондай-ақ оларды өздері аша алатын жерде қалдырмаңыз;
- балаларға ашық терезенің қауіпті екенін түсіндіріңіз, москит торға сүйенуге болмайтынын ескертіңіз;
- балалар терезенің жанында тұрып, оған көтерілуге тырысқанда, қауіп туралы үнемі еске салу керек.
Осы қарапайым ережелерді сақтай отырып, сіз балаңыздың өмірін сақтайсыз.