Русский Сайттың толық нұсқасы

Маңғыстауда 4 есірткі зертханасының қызметі тоқтатылды

  • AstanaTV
  • 04 шілде 2023
  • 935

Маңғыстауда синтетикалық есірткі тарату бойынша 60 Telegram арнасының жұмысына тосқауыл қойылып, 4 есірткі зертханасының қызметі тоқтатылды. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облысының прокуроры Руфат Құттықов мәлім етті.

Синтетикалық есірткі тарату бойынша 93 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып, заңсыз айналымнан 76 кг марихуана, 21 кг апиын, 3 кг синтетикалық есірткі алынған.

«Бұдан басқа облыс әкімдігі прокуратураның синтетикалық есірткі бойынша 5 000 дана «Экспрес тест» сатып алу туралы ұсынысын қолдады.

Оған қоса Маңғыстау облысының сот сараптамасы орталығына синтетикалық есірткілерді шұғыл анықтайтын аппаратура сатып алуға 412 млн теңге қаражат бөлінді. Сонымен қатар прокурорлар халық арасында құқықтық түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, әлеуметтік желілер арқылы алаяқтықтың алдын алу бойынша белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Нәтижесінде алаяқтықты 42%-ға, оның ішінде интернет-алаяқтықты 72%-ға төмендетуге қол жеткіздік», – деді Руфат Құттықов.

Сондай-ақ спикер брифингте мемлекетке 1,5 млрд теңгенің мүлкі қайтарылып, 5 млрд теңгеге үш заңсыз сатып алудың күші жойылғаны жайлы айтып өтті.

«Біз 600 кәсіпкердің құқығын қорғап, 900 млн теңгенің ысырап болуының алдын алдық. Сондай-ақ ықпалымызбен олигополияның жалпы құны 15 млрд теңгеден асатын 220 гектар «алтын учаскелері» мемлекетке қайтарылды. Прокурорлық қадағалау шараларымен алимент бойынша берешек 43,3 млн теңгеге төмендетілді, 44 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды, 27-не қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Осы жылы облыс тұрғындарымен кездесу саны артты. Қолжетімділікті қамтамасыз ету нәтижесімен 1 104 азаматты қабылдадық», – деді Руфат Құттықов