Русский Сайттың толық нұсқасы

Азаматтық авиация саласы түпкілікті реформалауды қажет етеді - Сарапшы

  • AstanaTV
  • 18 қазан 2016
  • 3299

Азаматтық авиация саласы түпкілікті реформалауды қажет етеді. «Астана» телеарнасына сұхбат берген экономист Денис Кривошеев осындай пікір айтты. Сарапшы "әуе тасымалы саласындағы былық-шылықты ауыздықтап отыруы тиіс азаматтық авиация комитеті бұл міндетін орындамай отыр" дейді. Сондай-ақ Астана әуежайының басшысы италиялық Паоло Ричиоттидің Лондонға шұғыл ұшып кетуі бекер емес деп топшылайды.

Денис Кривошеев, экономикалық шолушы:

«Осы аптада келеді, келесі аптада келіп қалар», «ол қысқа мерзімді демалыста». Әуежай өкілдері тарапынан айтылған осындай жауаптар мені кәдімгідей алаңдатады. Түптеп келгенде қаржылық дау-дамайға қатысты мәселеде аты аталған білдей бір компанияның басшысы халықтың алдына шығып, мәселенің мәнін түсіндіруі керек, тіпті бұл ішкі аудит болса да. Қалай болғанда да, күмәнді құжаттарға қол қойған адам ретінде танылған фигуранттың үн-түнсіз елден кетіп қала салуы қалыпты жағдай дей алмаймын.

Айта кетейік, Кривошеев әлеуметтік желідегі парақшасында Астана әуежайы басшысының шұғыл шетелге ұшып кеткенін, оралуы неғайбыл екенін жазған еді. Ал бірқатар сайттар әуежай өкілдері Ричиоттидің қысқа мерзімді демалысқа кеткенін растады деп отыр. Ал бүгін "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының баспасөз қызметі ресми мәлімдеме таратты. Онда "арнайы жұмыс тобы құрылып, Астана әуежайының жұмысын жақсарту мәселесін қарастырады" делінген.

Мәліметке сүйенсек, "Airport Management Group" серіктестігі 1 шілде мен 19 қыркүйек аралығында Астана әуежайында әдістемелік-тәжірибелік шара өткізген. Одан соң "Қазақстан темір жолына"  Астана әуежайындағы жағдайды жақсарту туралы ұсыныс түскен. "Қазақстан темір жолы" компаниялар тобына кіретін серіктестік Астананы қосқанда 8 әуежайдың акциясын сенімді басқаруға алған.

Базаргүл ОТЫНШИЕВА