Қостанайдағы
«Тобыл» футбол клубы 95 миллион теңгеге өтпей қалды. Алғашқы сатылымға ешкім
қатысқан жоқ. Енді клубтың бағасы екі есе арзандатылады. Бұл туралы облыстық
қаржы басқармасының мамандары хабарлады. «Тобыл» футбол клубы бүгін электронды
коммерциялық тендер әдісі бойынша сатылымға шығарылған болатын. Екінші
сатылымда ешкім қызығушылық танытпаса, құны тағы төмендетілмек. Ал тіпті
өтпесе, мемлекет меншігіндегі ұйым таратылмақ. Айта кетейік, аймақтағы «Тобыл»
клубына биыл облыс қазынасынан 2 миллиардқа жуық қаражат бөлінген.
Алма
Жүсіпова, Қостанай облыстық қаржы басқармасы басшысының орынбасары:
Себебі
сатып алатын кісілер болған жоқ. Ешкім реестрге өтініш берген жоқ. Бастапқы құны
95 миллион теңге. Енді келесі конкурс жиырма күннен кейін болады. Сосын
бастапқы бағасы жартылай болады.
Жекешелендірудің
екінші толқынында Тобыл өңірінде 20 нысанды сату жоспарланған. Соның тоғызы
жекеге сатылып, облыстық қазынаны 226 миллион теңгеге толтырған.
Заңғар
САНАЙ