Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтөбеде 5 маусымдағы лаңкестік ісі бойынша сот отырысы басталды

  • AstanaTV
  • 18 қазан 2016
  • 3116

Ақтөбеде сот басталды. 5 маусым күні теракт жасады, қылмысты хабарламады және жасырды деп айыпталған 29 адам сот залына жеткізілді. БАҚ сотқа шақыртылды. Бірақ судья алдын ала сот отырысы жабық өтетінін мәлімдеді. Тілші тарқатады.

Оқ өтпейтін кеудеше мен сот ғимаратын қоршап, мұздай қаруланған сақшылар. Төбеден әр адамның қадамын аңдыған мергендер. Осыдан-ақ мұнда қаралатын істің күрделілігін байқау қиын емес. Бүгін сот ғимаратына кірген-шыққан жіті тексерілді. Бірақ сотталушылардың да, жәбірленушілердің де туған-туыстары есікке жетпей қайтты. Олар сот процесіне қатыстырылмады.

Сәлеметсіздер ме? Ештеңе айтқыларыңыз келмей ме процеске қатысты? Егер айтамыз десеңіздер, жазып аламыз.

Илиада Досова, облыстық соттың баспасөз хатшысы:

Осы сотқа қатысушы тұлғаларды, сот ісі бойынша арнайы тізім жасақталды. Іс бойынша және осы міне сіздердің БАҚ сотқа қатысуға аккредитация өткізген болатынбыз. Қауіпсіздік мәселесін сақтау үшін барлық осындай тізім бойынша осындай тәртіппен сот ғимаратына кіргізілген болатын.

Жіті тексерістен журналистер де өтті. Сот ғимаратына кіргізіліп, монитордан онлайн бақылауға мүмкіндік алды. Сот залына 29 айыпталушы жеткізілді. Оның 9-ы терактіге қатысты деп айыпталғандар. 18-і қылмысты хабарламады,  тағы екеуі істі жасырды деген күдікке іліккен. Олардың құқын сотта 27 адвокат қорғайтын болады. Қылмыстық іс 201 томнан тұрады. Бірақ сот басталмай жатып трансляция дыбысы өшірілді.

Ахметқали Молдағалиев, Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы:

Судья сот процесінің ары қарай жабық түрде өтетінін жариялады. Өйткені іске қатысты тұлғалардың жеке өмірі туралы мәліметтің тарап кетпеуі үшін немесе қауіпсіздікке байланысты сұрақтар туындаса, осындай шешім қабылданады. Осыған байланысты микрофондар өшіріліп тасталды. Әрі қарай істің қаралуы келер аптада жалғасатын болады. Басты сот талқылауын тағайындау кезінде, тараптардың қатысуымен бекітілетін болады. Егер қорғаушылардың бірі 24 күні келе алмайтын болса, сот оны есепке алып, басты сот талқылауын тағайындалады.

Айта кетейік, Ақтөбеде 5 маусым күні рамазан айы қарсаңында бір топ жас 2 қару-жарақ дүкені мен әскери бөлімге шабуыл жасаған болатын. Қарақшылардың қолынан 8 адам қаза тапқан еді.

Айбек ҚОСАН