Каспий жағалауындағы қамыс өртінің аумағы 20 гектарға жетті. Өртті сөндіруге Қызылордадан су төгетін құрылғысы бар тікұшақ тартылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобынан мәлім еткендей, 7 шілдеде кешкі сағат 21:00-дегі жағдай бойынша қамыс өсімдіктерінің жану аумағы 20 гектарды құрайды.
«Қамыс өртін сөөндіру таңертеңгі сағат 9:00-де басталды. Кешке дейін төтенше жағдайлар департаменті мен «Ақжайық» мемлекеттік табиға резерватының 71 қызметкері 15 техника, 2 мотопомпамен шамамен 5 гектар аумақтағы қамыс өртін сөндірді. Қамыс өртін сөндіруге жағалаудың сулы-батпақты болғаны қиындық келтіруде. Сол себептен, 8 шілдеде теңіз жағалауындағы өрт ошақтарын сөндіру үшін Қызылорда қаласынан су төгетін құрылғысы бар МИ-8 тікұшағын тарту жоспарланып отыр. Өрт ошағының одан әрі тарауын болдырмау үшін айналасындағы жерді жыртуға соқасы бар К-700 тракторы тартылады», -деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.