Русский Сайттың толық нұсқасы

Министрлік өкілі Грузияда қаза тапқан отандық журналиске қатысты іске пікір білдірді

  • AstanaTV
  • 10 шілде 2023
  • 779

Консул Грузияда қаза тапқан қазақстандық журналистің туыстарымен үнемі байланыста. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлім етті.

«Біздің бұл мәселеден хабардармыз, оқиға бірнеше ай бұрын болған. Ол кезде біз оның журналист екенін мүлдем білмедік. Азаматша аталған елге жеке өзі саяхаттап барған. Оның кәсіби қызметіне аталған оқиғаның ешқандай қатысы жоқ. Ол қарапайым Қазақстан азаматы ретінде өзінің танысымен Грузияға аттанған. Грузия Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, қазіргі таңда күдікті ұсталды. Тергеу шаралары жүріп жатыр. Сот шешімі шыққан уақытта Грузия билігі бізге хабар береді. Әзірге Грузия азаматы күдікті деп танылып отыр», - деді Айбек Смадияров.

Ведомствоның ресми өкілі тергеу процесіне ешкімнің, оның ішінде марқұмның жақындары да араласпайтынын атап өтті.

«Олар тергеу шараларына қатыса алмайды. Біздің елімізде де тергеу іс-шараларына қатысуға рұқсат етілмейді. Консул марқұмның туыстарымен үнемі байланыста. Бірақ сотқа кім қатысатынын білмеймін», - деп түйіндеді ол.

Бұрын хабарлағанымыздай, өткен айда қазақстандық журналист Жанбота Төлеген Грузияда кісі қолынан қаза тапты.