Елордадағы Әл-Фараби даңғылының бір бөлігін әкімдік естен шығарған секілді. Көшеге асфальт төселмеген. Тұрғындар жазда шаңмен алысса, қыстың қақаған аязында жолды қардан тазалаумен қиналады. Қар еріп, жаңбыр жауса жаяу жүру мүмкін емес дейді. Көше жарықпен де қамтамасыз етілмеген.
Тұрымтай ЖАНДАРАЛОВА, ТҰРҒЫН:
Көктемде мына жерде балалар жүре алмайды. Батпаққа батып әзер келеді. Қаланың ортасында тұрамыз. Барлық жерде Астана дамып кеткен. Ал мынау тұрып жатқан жердің түрін қараңыздар.
Көшеге қоқыс жәшігі де қойылмаған. Тұрғындар қалдықтарды өртеуге мәжбүр. Бірақ жиналмайтын қоқысқа ай сайын коммуналдық төлем алынады. Білдей бір даңғылдың бойында шешімін таппаған түйіткілді мәселе көп. Ал әкімдіктегілер проблема біртіндеп шешіліп жатқанын айтады.
БАЙҚОҢЫР АУДАНЫ ӘКІМДІГІ:
Қазіргі таңда Әл-Фараби даңғылы бойынша Астана қаласы Көлік және жол көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасымен жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінде жолдың 1-ші төсемі төселді, енді екінші жабынын төсеу күтілуде. Қазіргі уақытта аталған аумақта жол қозғалысы ашық. Жарықтандыру мәселесі бойынша жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.