Русский Сайттың толық нұсқасы

Атырау облысында кәріз құдығын жөндеп жатқан 2 жұмысшы көз жұмды

  • AstanaTV
  • 13 шілде 2023
  • 1200

Атырау облысында кәріз құдығына құлаған 2 жұмысшы көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оқиға бүгін, 13 шілдеде Жылыой ауданындағы Жаңа Қаратон кентінде болған. Бұл деректі «Жылыой Су» мекемесі растады.

«Бүгін Жылыой ауданында жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде «Жылыой Су» мекемесінің 2 жұмысшысы кәріз құдығында қаза тапты. Атырау облысының мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы осы жағдайды тексеру бойынша арнайы комиссия құрды», - деп хабарлады коммуналдық мекемеден.

Жылыой аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Нариман Өтешовтің айтуынша, жұмысшылардың құдыққа құлағаны туралы хабар 9:42-де түскен. Хабарды Жаңа Қаратон кентінің тұрғындары берген.

Кәріз құдығының тереңдігі - шамамен 7-8 метр. Екі жұмысшы жөндеу жүргізу кезінде құдыққа құлап кеткен. Жөндеу жұмысына негізінен 5 адамнан тұратын бригада тартылған.

«Жылыой Су» мекемесі қаза тапқан жұмысшылардың отбасына материалдық көмек көрсетеді.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында терезеден құлаған үш баланың біреуі мерт болғанын хабарлаған едік. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобынан мәлім еткендей, жыл басынан бері балалардың терезеден құлауына байланысты 3 дерек тіркелген.

«Биыл Атырау облысында 3 бала терезен құлап кетті. Оның ішінде 2 жағдай - Атырау қаласында, біреуі - Индер ауданында тіркеліп отыр. Екі бала ауруханаға түсіп, емделіп шықты. Өкінішке қарай, құлаған баланың біреуі мерт болды. Балалардың терезеден құлауына бірнеше себеп бар. Біріншіден, әсіресе, жаз мезгілінде тұрғындар көпқабатты үйлердің терезесіне арнаулы бекіткіш қондырымайды. Екіншіден, ата-аналар балаларын үйде қараусыз қалдырады», - деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.