Русский Сайттың толық нұсқасы

Новак Джокович тоғызыншы рет Уимблдон финалына шығып, рекорд орнатты

  • AstanaTV
  • 15 шілде 2023
  • 2351

Әлемнің 2-ракеткасы, сербиялық Новак Джокович Уимблдон турнирінің финалына тоғызыншы рет шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл Новак үшін «Үлкен дулыға» турнирлеріндегі 35-інші финал болмақ.

Мұндай рекордтық нәтижеге ерлер мен әйелдер арасында ешкім жеткен емес.

Америкалық Крис Эверт – 34, оның отандасы Серена Уильямс – 33, чехословакиялық-америкалық Мартина Навратилова – 32, германиялық Штеффи Граф пен швейцариялық Роджер Федерер – 31, испаниялық Рафаэль Надаль 30 финалда ойнады.

Н.Джокович – Уимблдонның жеті дүркін чемпионы. Ол сегіз финалда бір ғана рет, 2013 жылы ұлыбританиялық Энди Маррейге есе жіберді – 4:6, 5:7, 4:6.

Биыл сербиялық спортшы жартылай финалда әлемнің 8-ракеткасы, италиялық Янник Синнерді 6:3, 6:4, 7:6 (7:4) есебімен тізе бүктірді.

Н.Джокович жексенбі күні финалда әлемнің 1-ракеткасы, испаниялық Карлос Алькараспен чемпиондық атаққа таласады. Ол әлемнің 3-ракеткасы, ресейлік Даниил Медведевтің жолын кесті – 6:3, 6:3, 6:3.