Русский Сайттың толық нұсқасы

2024 жылы оқушыларға арналған оқу жылы 31 мамырда аяқталады: Комиссия шешім шығарды

  • AstanaTV
  • 18 шілде 2023
  • 1230

Қазақстандық сарапшылар келесі оқу жылын 31 мамырға дейін ұзартуды қолдады. Алайда олар түпкілікті шешім қабылдау үшін бір жыл жеткіліксіз деп мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі Время басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Ы. Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясында сараптамалық комиссияның отырысы өтіп, келесі оқу маусымы 36 аптаға, яғни 31 мамырға дейін созылуы тиіс деген ортақ пікірге келді.

"Түпкілікті шешім шығару үшін кемі екі-үш жыл қажет. Сарапшылар бұл шешім бес күндік оқу аптасын қалдыру үшін өте қажет екенін алға тартады. Соңғы жылдары елімізде оқушылардың апталық жүктеме 39-дан 35 сағатқа дейін қысқарды", – деп мәлімдеді Ы. Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясының вице-президенті Руслан Қарабанов

Ұлттық академия 36 апталық оқудың балаларға әсері туралы зерттеу жүргізді. Сауалнамаға 15 мың адам қатысып, көбісі жаңашылдықты қолдайтынын білдірген. Тағы бір тиімді тұсы – түлектердің жоғары оқу орынына түсуі үшін дайындық уақыты да ұзара түседі. Оқуда үлгермегендер, мұғалімнен жеке кеңес алуға, кейбір тақырыптарды пысықтауға мүмкіндік алды. Сондай-ақ сарапшылар Қазақстан оқу жылы орта есеппен 184 күнге созылатын дамыған елдердің көрсеткіштеріне сәйкес келе бастағанын айтуда.

 "Оқу процесінің ұзартылуымен балалар мен тәрбиешілердің демалу уақыты артты. Егер бұрын біз 160 күн демалсақ, енді 36 қосымша сенбіге байланысты демалыс күндерінің саны 180 күнге дейін өсті. Бұл тоқсандық демалыс, мерекеге сәйкес келген және әдеттегі демалыс күндерін қоса есептегенде. Нәтижесінде балалар мен педагогтердің сенбі мен жексенбіде жақсылап тынығуына және жаңа оқу аптасын жаңа күшпен бастауға мүмкіндігі бар", – деп атап өтті академияның вице-президенті.

Отырыста психологтар да оқу жылының ұзаруын қолдады. Мамандар жазғы демалыста жасөспірімдердің қылмысы жиілейді, сондықтан балалардың 31 мамырға дейін бос болмауы тәртіп бұзушылықты азайтады деген пікірде.

 Сарапшылардың барлық пікірі негізінде комиссия қорытынды жасады:

-Оқу жылын ұзартудың тиімділігін бағалау үшін бір жыл жеткіліксіз, сондықтан қабылданған шешімнің орындалуын жалғастырған жөн.

-Ұзартылған оқу жылы мектеп бағдарламасын, барлық қажетті көлемді ыңғайлы қарқынмен игеруге мүмкіндік береді.

-Оқу жылын ұзарту білім алушылардың психикалық және дене денсаулығы үшін тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік береді.